БИЕ СҮТІ АНА СҮТІНЕ ЕҢ ЖАҚЫН ТАҒАМ

8дегенді  талай  жылдан бері насихаттап келе жатқан тағамтанушы, академик Төрегелді ШАРМАНОВ енді қазақстандықтарға бие сүтінен жасалған балмұздақ пен йогурт және сүзбе өнімдерін ұсынбақ

 

Нұржамал   БАЙСАҚАЛ

Қазаққа жылқының етін, қазысы мен жал-жаясын, қымызы мен саумалын насихаттаудан шаршамай-шалдықпай келе жатқан бір жан болса, ол – белгілі тағамтанушы ғалымымыз  Төрегелді Шарманов дер едік.   «Ет өнімдерінің ішінде сіңімділігі жағынан жылқының еті, ал сусын жағынан қазақтың бойына сіңімдісі – қымыз» дегенді айтудан жалықпаған көкеміздің сол талай жылғы арманы жүзеге асып, кеше  Алматы қаласында  бие сүті және жылқы майы негізінде кондитерлік өнімдердің және сүт өнімдерінің орталығы болып саналатын «Тайбурыл» ұлттық тағамтану орталығы ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған академик Төрегелді Шарманов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының мыңжылдық тарихи тойы қарсаңында өзінің сонау кеңес кезінен бергі мақсатының орындалғанына,  халқының өзінің қанына жақын өнімдерін тұтынуына мүмкіндік  алғаны үшін риза екендігін жеткізді.  Орталықтың ашылуына жиналған жұртшылық қантсыз, саумалдан жасалған балмұздақ пен  ашытылған бие сүтінен жасалған йогурт пен сүзбені таласып алып жатқанын көргенде  шүкір дедік. Бұл өнімдер «Құлыным» балалар тағамдары зауыты жанынан шығарылатын болады. Әзірге  зауыттың технологтары мен қызметкерлері бие сүтінен оннан астам өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отырған жәйі бар.

Зауытты бие сүтімен «Ақбұлақ» шаруа қожалығы келісім-шарт негізінде қамтамасыз етуде. «Құлыным» зауытының бас технологы Раушан Макееваның айтуынша, зауыт өндірген балмұздақ пен йогурт, сүзбеге әзірге нарықтағы  басқа сүт өнімдерінен жасалған өнімдер бәсекелесе алмайтын көрінеді.  Өйткені,  «Құлынымның» өндірген өнімдерінің құрамында май қышқылдарының зиянды трансизомерлері  мүлде жоқ. «Дәрумендердің, лизоцимнің, көп қанықпаған май қышқылдарының мөлшері жоғары», – дейді ұлттық тағамдардың жанашырлары.

Бие сүті – қыздырылмайтын, яғни, өзінің жаратылысына тән қасиеттерін сақтайтын жалғыз табиғи сүт өнімі. Бие сүті өнімдеріндегі лактозаның оңтайлы мөлшері және ақуыздық майлық негізінің үйлесімі дерт қоздыратын микроорганизмдердің тіршілігін жояды. «Бие сүтін  пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларының, онкологиялық аурулардың және сусамырдың алдын алуға, емдеуге көмектеседі», – дейді Орталықтың ашылу салтанатында келушілерге дәрігерлік ақыл-кеңес берген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы клиниканың ғалым-дәрігерлері.

Шынымен шүкір дейік, жиырма бес жыл ішінде өзіміздің табиғи өнімдерімізді тұтынуға қол жеткізіп отырмыз. Болмаса, Төрегелді көкеміз кезінде жылқыны, қымызды насихаттаймын деп ұлтшыл атанып, талай төрден ысырылған  болатын. Ал енді соның барлығы артта қалып, бала-шағаларымыз, немере-шөберелерімізге «Бомба», «Қарақұм», «Магнат»  сияқты балмұздақтардың орнына саумалдан жасалған «Кербұға» балмұздағы мен «Құлыншақ» йогурты мен «Құлыншақ» сүзбесін жеуді, «Кокаколаның» орнына бие сүтінен жасалған денсаулыққа пайдалы сусындарды ішуді нәсіп етсін.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *