Бибісара Асаубаева Қытайда өткен турнирде екінші орын алды

Бибісара Асаубаева Қытайда өткен турнирде екінші орын алды
Сурет: Ашық дереккөз

"Ешкімнен жеңілмедім және қосымша тағы бір ұпай алуға болатын еді".

18 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Сианьда (Қытай) өткен The Belt and Road 2023 to World Chess Woman’s Summit турнирінде екінші орын алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бибісара да, әзірбайжандық шахматшы Гюнай Мамедзаде де 8,5 ұпайдан жинады. Алайда жерлесіміз қосымша көрсеткіштер бойынша «алтынды» әзірбайжандық қарсыласына берді, деп жазды Sports.kz.

«Демалыс күндері турнирді жақсы өткіздім. Ешкімнен жеңілмедім және қосымша тағы бір ұпай алуға болатын еді. Өкінішке қарай, тай-брейкте ойнауға болмайды, сондықтан үшінші қосымша ойын бойынша (жеңіске жеткен ойын саны бойынша) екінші орын алдым. Келесі жолы партияларды соңына дейін жеткізу керек», - деді Бибісара Instagram сторисінде.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында шахматтан Алматыда өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева блиц бойынша екінші алтын медальді жеңіп алды.