Мереке қарсаңында 10 мың кәмпит сыйға таратылды

Мереке қарсаңында 10 мың кәмпит сыйға таратылды
Сурет: Elorda.info

Онда танымал әйелдердің тілегі жазылған.

Жаңа Адамдар белсенділері Қазақстанның танымал әйелдерінің жолдауы бар 10 000 кәмпитті мереке қарсаңында сыйға тартты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап. 

100 жылдан бері әлемде жыл сайын Халықаралық әйелдер күні аталып өтеді. Бірақ осыдан екі жүз жылдай бұрын әйелдер сайлауда дауыс беруге де қатыса алмайтын, тіпті жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндігі болмайтын. Ал қазір ше? Өкінішке қарай, Қазақстан қоғамында әйелдерге кемсіте қарап, құқықтарын бұзу жайттары әлі де кездесіп тұрады. Оның біраз мысалын бәріміз білеміз. Демек әлі де күресті тоқтатпау керек.

Жаңа Адамдар белсенділері Халықаралық әйелдер күніне қарай жетістікке жетіп қана қоймай, өз саласында үздік атанған танымал әрі табысты қазақстандық әйелдердің жолдауы жазылған 10 000 кәмпит дайындады. Өз ісінің шебері атанған әйелдер «Арманыңызға қорықпай талпынсаңыз, бұл өмірде бәрі мүмкін» деген үндеумен жеке жағдайларын үлгі етеді. Олар кез келген қыз бала атақты ғалым да, табысты саясаткер де немесе бүкіл әлемге әйгілі боксшы бола алады деген сенім артты.

Мотивациялық жолдауларды жазғандар:

Нэлли Бубэ – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, суретші, график, иллюстратор.

Аида Балаева – Қазақстан мемлекетінің қайраткері. 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. Ақпарат және қоғамдық даму министрі. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты.

Баян Мақсатқызы – қазақстандық продюсер, Shine Production компаниясының басшысы, тележүргізуші, актриса, әнші.

Айсұлу Ерниязова – Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі.

Дамель Мектебепбаева – биотехнолог, Қозыбаев университетінің проректоры, NASA-ға түскен алғашқы қазақстандық.

Назым Қызайбай – қазақстандық боксшы, жеті дүркін Қазақстан чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы.

Динара Сәдуақасова – шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, халықаралық гроссмейстер.

Құрарбек Еңлік – қазақстандық шоу-бизнестің жұлдызы.

Әсел Баденова – Жаңа Адамдар жастар қозғалысының көшбасшысы.

Сіздердің қолдарыңызда тұрған – Қазақстанның әйгілі әйелдерінің «жолдаулы кәмпиттері». Әрбір кәмпитте – сіздерге деген жолдау бар, онда – олардың жеңісі туралы, бастысы, бірегей тарихы жазылған. Бұл кәмпиттер тек сыйлық қана емес, өз армандарыңызды қалдырмай, қалай да болса жүзеге асыруға талпыныс жасауға үндеу. Өйткені сіздердің жұмыстағы, спорттағы, бизнестегі, отбасындағы, өмірдегі жеңістеріңіз Қазақстанды тек қана көркейтеді! – дейді Жаңа Адамдар жастар қозғалысының белсендісі Ризабек Рашит.