Батыр Жүкембаев қарсыласын нокаутпен жеңді

Батыр Жүкембаев қарсыласын нокаутпен жеңді
Cурет: Inform.kz

Жекпе-жек 6 раундтқа есептелген

Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-1, 14 КО) кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінен кейін араға жарты жыл салып, рингке оралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат  сайтына сілтеме жасап.

Sports.kz-тің мәліметінше, ол Канаданың Монреаль қаласында өткен кеште мексикалық Хуан Хосе Мартинес Альвареспен (28-10, 20 КО) қолғап түйістірді.

Бірінші жартылай орта салмақтағы айқас 6 раундқа есептелген болатын және ол Жүкембаевтың жеңісімен аяқталды. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің 1-інші минутында-ақ оппонентін алдымен, нокдаунға, іле-шала нокаутқа жіберді.

Осылайша, Б.Жүкембаев кәсіпқой бокстағы 19-ыншы жеңісіне қол жеткізіп, биылғы мамырда пуэрториколық Сабриэль Матиастан (17-1, 17 КО) болған жеңілісін «жапты». Ол кезде Жүкембаев 8-інші раундтан кейін айқасты жалғастырудан бас тартқан еді.

Хуан Хосе Мартинеске келсек, бұл оның профибокс мансабындағы 11-інші жеңілісі.

Еске салайық, кеше Б.Жүкембаев жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өткенін жазған едік. Кештің басты айқасы ресейлік Артур Бетербиев (16-0, 16КО) пен америкалық Маркус Браун (24-1, 16КО) арасында өтті.