Балалар жүрек жылуын сыйлады

Балалар жүрек жылуын сыйлады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматылық балалар 200 дана құс ұясын жасады.

«Паналай бер, құстарым»! Бүгін Алматыдағы «Отбасы» саябағында (Family Park) құстарға арнап өз қолдарымен ұя жасап орнатқан балалардың жүзінде осындай лебіз тұрды. Әуезов ауданындағы мектеп оқушыларынан 200 бала өздері жасаған құс ұясын саябақтарға, аулаларға орнатты деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Әуезов ауданы әкімдігі ұйымдастырған экологиялық шара «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты қалалық науқан аясында өткізіліп отыр. Оған аудан көлеміндегі мектеп оқушылары, ұзстаздар мен эко-белсенділер, өнер жұлдыздары мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Саябақтағы құстар алаңсыз паналасын деп осы бір жайлы ұяны жасап әкелдім. Енді бір жағынан саябаққа көрік берсін деп оны ұлттық нақышта безендірдім», – дейді №126 мамандандырылған лицейдің 7А сынып оқушысы Ақжол Дәулетұлы.

Ақжол өзі дайындаған ұяны «Отбасы» саябағындағы жол шетіне орнатты. Ол саябақта құстардың көбірек болуы қаламызды тіпті де көрікті, табиғи әрі жанға жайлы ете түседі деп санайды.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны мамыр айына дейін жалғастын болады. Аталған акция қаланың қоршаған ортасын қорғау, алматылықтармен бірге жасап жатқан жан-жануарларды, құстарды аялау сезімін арттыру, таза да жайлы қаланың өскелең мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

Әуезов ауданы ұйымдастырған шарада мектеп оқушыларының концерттік нөмерлерімен басталған болатын. Соңында балалардың қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы іс-қимылдарына қолдау көрсету мақсатында қазақтың аяулы әншілерінің бірі, Қазақстанның Еңбек сіңірге қайраткері Тоқтар Серіков ән тартуын ұсынды.

Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Бану Манапова акцияға қатысып жатқан балаларға өз рахметін айтты.

«Ауданымыздан 200-ден астам бала қатысып жатқан бүгінгі шараны “Жүрек жылуы” деп атағанды жөн көрдік. Көіп отырсыздар балалар ерікті түрде акцияға аса ынталы қатысып жатыр. Олар өздерінің таза жүректерінің жылуы іспетті өз қолдарымен жасаған құс ұяларын саябақтар мен аулаларға, жол шетіндегі ағаштарға орнататын болады. Сол арқылы жас жеткіншектер қоршаған ортаны аялап қорғауға өздерінің бір кісілік үлестерін қосып жатыр», – дейді Бану Бақдәулетқызы.