Бахтажар Мекiшевтiң курстасы

Сталиннiң қызы Светлана қарттар үйiнде тұрады

Сталиннiң сүйiктi әрi жалғыз қызы Светлана Аллилуева 85 жасқа толды. Өмiрiнде бар қиындық пен қызықты көрген Светлана қазiр жалғыздық күйiн кешiп, қарттар үйiнде тұрады.

Светлана кеңес үкiметiн, әкесiн, анасын қаңғытып жiбергенi үшiн иттiң етiнен жек көредi. Сол үшiн шет елге сұранып, артынша КСРО-ға қайтып келдi. Содан қайтадан шет елге кетiп, әкесi туралы жантүршiгерлiк мемуар жазды. Өзiн Павлик Морозовқа теңеген ол ақырында сыныптасы Григорий Морозовтан туған баласы Иосифтың арқасында әкесiнiң күйiн кештi. Екiншi күйеуi, Орталық комитеттiң хатшысы Андрей Ждановтың баласынан туған үлкен қызы Екатерина Жданова мен ұлы Иосиф шет елге кеткен шешесiнен бас тартты. Күнi бүгiнге дейiн көңiлдерi қалғаны сонша, шешелерiн ойға алғысы да келмейдi.

Күнi бүгiнге дейiн бұл кiсiнiң қайда тұрғаны туралы дерек болмайтын. Ол туралы бiрде Англияда, бiрде Америкада, ендi бiрде Швейцарияда тұрады дейтiн алыпқашты әңгiме детiп жататын. Сонда жүрек талмасына ұшырап, өлiм аузында жатыр екен дейтiн де қауесет тараған. Шын мәнiнде Светлана Иосифқызы дiн аман жүрiп жатыр. Бүгiнде ол журналистермен кездесуден қашқақтап, тiптi тұрған жерiне дейiн жасырып келген. Алайда американдық журналистердiң жанкештiлiгiнiң арқасында диктатордың қызы АҚШ-тың Висконсин штатындағы Медисон қаласының «қарттарды қолдау үйiнде» тұратыны белгiлi болды.

Светлана 1940 жылы американдық Уильям Питерске тұрмысқа шығып, аты-жөнiн Лана Питерс деп өзгерткен. Осы үйден оған бiр бөлмелi пәтер бөлiнген, әлеуметтiк жәрдемақы алып тұрады. Арнайы күтушiлерi бар. Ақыл-есi дұрыс, есте сақтау қабiлетi күштi. Кiтап оқиды, радио тыңдайды, сейiл құрғанды ұнатады. Теледидарды мүлдем көрмейдi. Көрсе, кеңес үкiметi есiне түсетiндей көредi.

– Мен қанша жалғыз болсам да осы күнiм өзiме ұнайды. Маған ештеңенiң қажетi жоқ. Питерс деген күйеуiмнен тапқан Ольга деген қызым анда-санда келiп тұрады, – дедi диктатордың сүйiктi қызы Светлана американдық журналистерге берген сұхбатында.

Журналистер бұл кiсiнiң мiнезi өте тiк, күрделi екенiн айтады. Бiр көңiлiне келсең ешкiмге тiл қатпай, терiс қарап жатып қалады екен. Өмiрiнiң соңына дейiн Америкада болғысы келедi. Кеңес Одағы туралы естiгiсi де келмейдi.

– Светлананың Мәскеуде шешесi жағынан туыстары, достары көп. Бiз ол туралы, мерейтойы туралы жақсы бiлемiз. Оның ұзақ жасағанына қуаныштымыз. Бiрақ ол кiсiмен байланысты аса құптамаймыз». Қайтесiз, өмiр осылай болды, – дейдi немере ағасы Александр Аллилуев.

Заман-ай десеңшi!? Бiр кезде жарты әлемдi тiтiркендiрген, бiр державаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған тиранның туған қызы қартайған шағында жалғыздық ғұмырды бастан кешуде.

Ұстазымыз, ғажайып эстет Бахтажар Мекiшев ағамыз өзiнiң Светланамен бiрге оқығанын арагiдiк айтып қалушы едi. Көзi тiрi болғанда ол кiсi де Светлана курстасы туралы үнсiз қалмасы, әдеттегiдей елгезек қалпымен бiр мақала жазып тастаған болар едi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close