Бағыты белгісіз бәсекелер

Олимпиада–2020

 

Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, бірнеше ірі халықаралық турнир өткізілмейді, бірнеше жарыс кейінге қалдырылады. Коронавирус індетінің кесірінен спорттық жүрістен жыл сайын ұйымдастырылатын Азия чемпионаты өтпейді. Бұл шешімді Жапония жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы Азия аймақтық қауымдастығымен бірлесе отырып қабылдаған.

 

Құрлық додасы 21 наурыз күні Жапонияның Номи қаласында өтуге тиіс еді. Сондай-ақ, Кувейтте жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының өту мерзімі де өзгертілді. Ол 2021 жылдың қазанына шегерілген.
Дегенмен, қол қусырып қарап отырудың реті жоқ. Ұлттық олимпиялық комитеттің арнайы сайты хабарлағандай, жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық командасы жаңа маусымдағы жаттығу жиынын бастап кетті. Бұл жиын 12–31 қаңтар аралығына жоспарланған. Қазір ұлттық құрама спортшылары Өскемен қаласында жаттығып жатыр.  Жиынның басты мақсаты – 19–21 ақпан күндері Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтетін Қазақстан біріншілігіне тыңғылықты дайындалу.  Сондай-ақ, спорттық жүріс пен марафоннан бақ сынайтын құрамадағы алты атлет Қырғызстанда жаттығу жиынына кірісті. Олар көрші елде 31 қаңтарға дейін болмақ.
Спорттық гимнастика өкілдері де тығырыққа тап болды. Халықаралық спорттық гимнастика федерациясы коронавирус індетінің салдарынан 25–28 ақпанға жоспарланған Котбустағы (Германия) әлем кубогі кезеңін өткізбейтін болды. Лицензиялық турнирдің кейінге қалғаны қазақстандық гимнастар үшін қиынға соғып тұр.  Биылғы алғашқы ресми жарыста отандастарымыз лицензиялық Азия чемпионатына дайындықты пысықтауға тиіс еді. Бас бапкер Александр Кимнің айтуынша, Котбус додасы Токио олимпиадасына біздің спортшылардың, әсіресе жолдамасы бар Милад Каримидің қазіргі бабын нақты көрсете алатын еді. «Әрине, әлемдік ұйымның шешіміне қарсы келе алмаймыз. Қазақстан командасы лицензия жолындағы ізденісін жалғастырады. Азия чемпионатында жолдама алатын мүмкіндік бар. Ол үшін көпсайыстан 1-2-орын иелену керек. Нариман Құрбановтың лицензия иеленетін мүмкіндігі артты. Ол үшін Доһадағы әлем кубогі кезеңінде бірінші орын алып, 16.00-дан жоғары ұпай жинауы қажет» дейді бас бапкер.

Халықаралық спорттық гимнастика федерациясы батутты гимнастикадан Бакудегі әлем кубогі кезеңінің өтпейтінін мәлімдеді. Олимпиадаға енетін бұл бағдарламадан жарыстар бір жылдан бері тоқтап тұр. Бакудегі жарыс 13-14 ақпанға жоспарланған еді. Бас бапкер Сергей Вертянкин ұзақ күтіп жүріп, өткізілмей қалған жарыстардың спортшы психологиясына ауыр соғатынын айтады. Естеріңізде болса, спорттың бұл түрінен олимпиадаға тұңғыш рет отандасымыз Пірмамад Әлиев қатысқан еді. Ол Рио олимпиадасында бақ сынады.

Естен САБАЛАҚ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *