Бұл жолы да таңдауымды өзгертпедім

Сайлауға қатысу, өз таңдауыңды білдіру, түсінген адамға бұл нағыз еркіндік қой. Демократия дегеніміздің өзі осы емес пе? Менің әртүрлі дәрежедегі сайлауларға қатысып, дауыс беріп келе жатқаныма биыл 57 жыл. Орта мектептің директоры болып жүргенімде сайлау учаскесінің төрағасы да болдым.

Еліміз егемендік алғалы да түрлі деңгейде бірқатар сайлау өтті. Соның ішінде Президент сайлауы да өтті. Мен бәрінде де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс бердім. Тәуелсіз еліміздің Көк байрағын желбіретіп алғы күндерге – бақытты кезеңдерге жеткізетініне сендім. Қателеспеппін. Қазір Қазақстанды төрткүл дүние түгел таниды. Астана дүниежүзілік маңызды саяси міндеттер шешімін табатын, бейбітшілік пен ынтымаққа, дін мен ділге қатысты  озық ойлар ортаға салынатын әлемдік аренаға айналды. Өткен жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болдық. Биыл шілде айынан бастап Ислам конференциясына төраға болу міндеті тұр. Осының бәрі Елбасының күн-түн қатып атқарып жүрген ерен еңбегінің жемісі емес пе?

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы №73 орта мектептің ғимаратына орналасқан 205 сайлау учаскесінде де өте ұйымшылдықпен өтті. Мен және мен құралпы егде жандар  таңертеңнен келіп жатты. Көңілді күйге бөлеген әсем әндер дыбыс күшейткіш арқылы орындалып тұрды. Сайлаушыларға сауда қызметі көрсетілді.

Мен өз таңдауымды өзгерткен жоқпын. Бұл жолы да жиырма жылдан бері халықтың үміті мен сенімін ақтап келе жатқан Елбасымыз үшін дауыс бердім.

Комиссия мүшелері барынша елгезектік танытып, өз міндеттерін сыпайы атқарды. Тәртіп бұзушылық, түсініспеушілік болған жоқ. Урнаға бюллетенді салып болған соң үлкендігімді білдіріп, сайлаушыларды әділ сайлауға шақырдым. Сайлаудың елдің еркіндігін білдіретін мереке екенін біліп өссін деген ниетпен немеремді де ала бардым.

Сейітхан ТҰРЫСБЕКҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *