Бізде баға төмен

Бізде баға төмен
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласына Павлодар облысынан арзан бағада картоп жеткізіледі.

Қала әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Өңіраралық кооперация шеңберінде, Павлодар облысына сапар барысында картоп жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта тауар өндірушілермен әлеуметтік маңызы бар өнімнің көлемі мен белгіленген бағасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы орайда алдын ала белгілі болған деректерге сүйеніп айтар болсақ, сатып алу құны 150 тг/кг болатын 6 мың тоннадан астам картоп жеткізу көзделіп отыр. Картоп жеңілдетілген бағамен «Small» және «Тоймарт» сауда желілерінде, сондай-ақ қаланың әлеуметтік дүкендерінде сатылмақ. Бұған дейін Алматы және Жамбыл облыстарынан 1,5 мың тонна пияз жеткізілген болатын. Оның сөредегі бағасы 69-74 тг/кг құрайды.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап 2,5 млрд. теңгеге «форвардтық» сатып алу шеңберінде «Магнум» сауда желісінде 22 мың тонна өнімді (картоп – 10 мың тонна, сәбіз – 4,2 мың тонна, пияз – 4,7 мың тонна, қырыққабат – 3 мың тонна) сату көзделіп отыр . Сату төмендетілген бағамен жүзеге асырылады (9 ай ішінде, биылғы қыркүйектен 2022 жылдың мамырына дейін). Мысалы, қазіргі уақытта сөрелердегі бағалар: картоп – 102 теңге, сәбіз – 114 теңге, пияз – 92 теңге, қырыққабат – 91 теңге, бұл орташа нарықтық бағадан 5-35%-ға төмен.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын тұрақтандырудың тиімді шараларының бірі – кәсіпкерлік субъектілеріне қаланың сауда желілерінің сөрелерінде бағаны белгілеу үшін жеңілдетілген қарыздар беру, сондай-ақ өндірушілердің сату бағаларын тіркеу. Осылайша, «Magnum Cash&Carry» сауда желісіне жеңілдетілген қарыз беру есебінен нарыққа әсер ету үлесі 40% келісімшарт жасалды. Осылайша, аталған сауда желісінің 54 филиалында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі (1-ші сұрыпты ұн, қарақұмық, күріш, макарон, күнбағыс және сары май, тауық еті, сиыр еті, сүт, айран, сүзбе, қант) 2021 жылдың соңына дейін тіркелген, төмендетілген бағамен сатылады. Алматыдағы «Тоймарт» сауда желісі болса 10 түрін 6 ай ішінде (биылғы 1 қарашадан бастап келесі жылғы 30 сәуірге дейін) төмендетілген бөлшек бағамен сатады.

Бүгінгі таңда осыған ұқсас берілген «айналымдағы» қарыздар тамақ өнімдерін өндірушілерден сату бағаларын бекітуге мүмкіндік береді. Мысалы, 2021 жылғы желтоқсанға дейін қарыз есебінен берілген «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС-да нанның сатылу бағасы 75 тг деңгейінде тіркеледі. «Ақсайнан» зауытының нандарымен барлық сауда желілері, 3 мыңнан астам үй жанындағы дүкендер және азық-түлік базарлары (дистрибьюторлар арқылы) қамтылған. Бұл халықты бірыңғай бағамен және әлеуметтік нанмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл Қазақстан бойынша тіркелген ең төмен нан бағасы.

Осы бағдарлама аясында «Asyl Meat» ЖШС 2022 жылғы 1 маусымға дейін 2050 тг/кг болып белгіленген баға бойынша 6 фирмалық дүкенде 90,4 тонна сиыр етін (жауырын-төс бөлігі) сатады, бұл орташа бағадан 364 теңгеге төмен.

2024 жылдың ақпан айына дейін қаланың сауда объектілеріне 1-ші санаттағы 49,6 млн. дана жұмыртқа (бекітілген сатылу бағасы – 400 тг/10 дана) жеткізуге «Алсад Қазақстан» ЖШС-не қарыз берілді. Қазіргі уақытта «Магнум» сауда желісінің барлық 54 дүкеніне және «Small» желісінің 19 дүкеніне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сөредегі бекітілген баға 440 тг/10 дана, бұл орташа статистикалық көрсеткіштен 15%-ға төмен.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қаланың барлық ірі сауда желілеріне жеткізу жолдары талқыланып жатыр.