АЗЫҚ — ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІН ҚАЛАНЫҢ 7 АУДАНЫНДА БІРДЕЙ, АПТАСЫНА 5 КҮН ӨТКІЗУДІ ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ

Керімжан БИЖАНОВ,

«Алматы» аймақтық даму әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

АЗЫҚ — ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІН ҚАЛАНЫҢ 7 АУДАНЫНДА БІРДЕЙ, АПТАСЫНА 5 КҮН ӨТКІЗУДІ ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ

Биыл азық — түліктің бағасы бүкіл әлемде шарықтап кетті. Дүние  жүзінде баға көрсеткіші  2008  жылы ең биік нүктесіне жетсе, биыл  одан да асып түсіп жатыр. Алматы жұртшылығын азық-түліктен тарықтырмау үшін қала бюджетінен 1,3 миллиард теңге бөлінген болатын. Қомақты қаражатты жақында ғана құрылған «Алматы» аймақтық даму әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарып, ең қажет деген көкөністер мен жемістерді еш делдалсыз, диқандардан тікелей сатып алып, қала ішіндегі арнайы орындарда арзан бағамен сатуды жоспарлап отыр. Осы арқылы азық-түлік бағасы 20 пайызға төмен болады деп күтілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын өзінің жеке сауда жүйесі мен логистикалық орталығын  құрмақ. Бұл да өз кезегінде бағалардың тұрақтануына өз әсерін тигізетін болады. Шаһарда азық-түлік  бағаларын  тұрақтандыру мақсатында «Алматы» ӘКК-мен  жүзеге асырып жатқан  осы және өзге де іс -шаралары  жөнінде газетімізге берген сұхбатында «Алматы» аймақтық даму әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Керімжан БИЖАНОВ әңгімелеп берді. –       «Алматы» ӘКК міндеттерінің бірі қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандырып, төмендету екені белгілі.  Бұл мәселеге тоқталмас бұрын қаламызда соңғы уақытта баға неге шарықтап кетті деген сауалға жауап бере аласыз ба?

–Ең бірінші азық-түлік бағасы бүкіл әлем бойынша өскенін айтуға тиіспіз. Бұл мәселе – әрине, бізді де айналып өте алмайды. Ал енді нақты Алматы қаласына келетін болсақ, корпорация  арнайы зерттеу жүргізген болатын. Ол баға «секірісінің» негізгі себебі  қалаға көкөніс өнімдерін жеткізу инфрақұрылымының нашарлығы екенін көрсетті. Дәлірек, мұндай жүйе жоқ, бәрі «жабайы» нарыққа байланысты. Ең бірінші тауар өндірушілерді алайық. Бізде жоспарлы түрде, биыл мұнша дақылды осынша көлемде егемін де, Алматыда нақты мына сауда орнына барып өткіземін деп егін салатын шаруашылықтар бар ма? Жоқтың қасы. Егуін егеді, бірақ оны сатуды егін піскенде барып ойланып, ең сәті түскенде қаладағы алыпсатарларға арзанға көтере өткізе салады. Ал, сақтауға қоймасы жоқ. Енді жүйенің екінші жағын, сатушыларды алайық. Көкөністі сату ісін бүкіл жыл бойына жоспарлап, шаруашылықтардан өнімді белгілі бір мөлшерде он екі ай бойы тұрақты алып тұру жөнінде келісім-шарт жасаған сауда орындары бар ма? Тағы да сол, бірен-саран ғана. Нәтижесінде жақын маңдағы қожалықтар мол өнім алған күз мезгілінде қалада көкөніс аста-төк көбейіп кетеді де,  баға арзандайды. Ал, маусым аяқталысымен бағаның шарықтау кезеңі басталады. Мысалы, ақпан айында Алматыда былтырғы қыркүйек айымен салыстырғанда картоптың бағасы –   132 пайызға,  пияз  – 87 пайызға, қырыққабат –  257 пайызға, сәбіз –  75 пайызға өсті.  Қазіргі жағдайда «наны жүріп» тұрған тек екі ортадағы алыпсатарлар. Саудада диқандардың өнімі азайып, суық түсуі мұң, бүкіл сауда делдалдардың қолына көшеді. Олар «құдайын ұмытпаған», яғни үстемені аздап қоятын болса, әңгіме басқа. Біздің зерттеу олардың бағаны орташа алғанда екі есе өсіретінін көрсетті. Қазір саудаланып жатқан көкөністің өзіндік құнында оны тасымалдау ақысы  10  пайызды ғана құрайды, ал 40 пайызы өнімді көтере саудалаушының қосқан құны,  тағы 50 пайызы  бөлшек саудадағы саудагердің қосатын үстемесі. Бұл саудагерлер «икемді-ақ», зейнетақы көтерілсе де, мейрам бола қалса да бағаны өз қалағанынша түзей салады. Аяқ астынан белгілі бір дақыл қалаға келмей қалып, тапшылық басталса да сол, баға ойдан қойыла салады. Бұл арада ең негізгі мәселелердің бірі – жыл бойы өнім беретін жылыжайлар мен тауар жеткізудің маусымдық іркілістерін болдырмайтын көкөністі сақтау қоймаларының жетімсіздігі екенін де айтуға тиіспіз. Қазір қалада бар болғаны 4 осындай қойма бар.

ДЕЛДАЛДАРДАН ҚҰТЫЛУДЫҢ АМАЛЫ – ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРМЕН  ӘРІПТЕСТІК ОРНАТУ –       Бірақ, Алматы үлкен, бүкіл қалада, жаңа өзіңіз айтқандай,  жүйе құрып, өркениетті саудаға көшу оңай болмас?

–      Ең бірінші мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне қала басшылығының ерекше назар аударып отырғанын айтуға тиіспін. Жақында ғана біздің корпорацияға осы мақсатқа  1 миллиард 325 миллион теңге бөлінді. Аталмыш жоба Алматы қаласының азық-түлік нарығын жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп, маусым аралық кезеңде бағаларды халыққа қолайлы деңгейде ұстап тұруды көздейді. Қолда бар мәліметтер бойынша қазір Алматы тұрғындары 1 миллион 850 мыңға жетіп қалыпты.  Бұл –  қаланың негізгі азық-түлік өнімдеріне деген жылдық қажеттілігі  – 610 мың тоннадан асады деген сөз. Біздің есебіміз бойынша, алматылықтарды қамтамасыз ету үшін  жылына  453 мың тонна картоп, 90 мың тонна пияз, 29 мың тонна сәбіз, 42 мың тонна қырыққабат,  84 мың тонна сиыр еті және т.б қажет екен. Осынша көлемдегі азық-түліктің жоспарлы түрде қалаға жеткізіліп тұруын қамтамасыз ету қазір өте қиын. Біздің мақсатымыз – бағаның қалыптасуына әсер ете алатындай мөлшерде  осы өнімдерді қалаға жеткізу. Яғни, шаһарға өзіндік құны төмен көкөністі әкелу арқылы бағаны қала бойынша тұрақтандыру.

–        Мәселені шешу үшін делдалдардан құтылу керек екені түсінікті. –       Делдалдарсыз жұмыс істеу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей қатынас орнату керек. Бұл біздің жұмыстың басты бағыты болмақ.  Қазір Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен байланысқа шығып жатырмыз. Олармен үш бағытта жұмыс істейтін боламыз. Бірінші бағыт – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірге бірлескен кәсіпорындар құру. Бұл әдіс бойынша шаруалар кәсіпорынға үлес ретінде жер учаскелерін, ауылшаруашылық  техникаларын, құрал — жабдықтарын және басқа мүлігін ұсынады.  Корпорация өз үлесі ретінде оларды көктемгі егетін дәнмен, жанар-жағар маймен, қажетті қаражатпен қамтамасыз етеді. Бұл әдіс өсірілген өнімнің өзіндік құнының барынша төмен болуына жағдай жасайды. Екінші әдіс – өнімдерді фьючерстік әдіс  бойынша тікелей сатып алу. Бұл әдісте біз тауар өндірушімен көктемде келісім-шартқа отырып, тауар құнын алдын-ала төлеп қоямыз. Өнім бағасы сол кезде келісіледі және әлдеқайда арзан болады. Тауарды күзде, піскен кезде аламыз және өнім жинау кезінде нарықта қалыптасқан баға қанша қымбат болса да шаруашылық бізге тауарды көктемде келісілген баға бойынша беруге міндетті. Үшінші әдіс – көкөністі тауар өндірушіден тікелей, егіс алқабынан сатып алу. Бұл әдістің тиімділігі сол, диқан егінді қайда, қалай сатамын деп басын ауыртпайды. Күзде  егін піскен кезде біз бірден барлық өнімді көтере алып кетеміз. Бізге, біз арқылы барлық тұтынушыларға тиімділігі – тауар әлдеқайда арзанға түседі. Біз диқаннан көкөністі күзгі, ең төменгі бағамен, көтерме сатып алу құнымен аламыз да, өз қоймамызда сақтаймыз. Оны кез-келген кезде, қалада баға көтеріле бастағанда төмен  ақыға саудаға шығарып, бағаны тұрақтандырамыз. Біздің бағадан кейін алыпсатарлардың көкөніс құнын өз білгендерінше көтеруіне мүмкіндігі болмай қалады.

БӨЛШЕК САУДА ЖҮЙЕСІ – ШАҒЫН АВТОДҮКЕННЕН ІРІ СУПЕРМАРКЕТТЕРДІ ҚАМТИДЫ –       Көкөністі арзанға өндіру ісі осы арқылы шешілді делік. Дегенмен, әлі оны жыл бойы сақтау, тұтынушыға тікелей сату жағы бар ғой.

–       Дұрыс айтасыз. Осы екі мәселенің де бағаның қалыптасуындағы маңызы өте зор. Біз қалада көкөністі сақтау қоймалары мен логистиканың заманауи жүйесін қалыптастырмақпыз. Қазір корпорация «ГЕГА» атты логистикалық орталықты салу жөніндегі ірі жобаға қатысуда. Бұл жобадағы корпорацияның үлесі – 49 пайыз. Алматы қаласы Әкімінің қолдауы арқасында біз аталған жобаны 4  миллиард  50 миллион теңгеге қаржыландырдық. Еуропалық талаптарға сай   озық технологияларды қолдана отырып, салынып жатқан бұл қойманың сыйымдылығы 36 мың тонна болмақ. Сондай-ақ, қаладағы және жақын аймақтардағы басқа көкөніс қоймаларымен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ал, тікелей тұтынушыға жеткізу мәселесіне келсек, корпорация бақша өнімдері, жеміс-жидек және басқа да әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын төмен бағамен сататын өз бөлшек сауда жүйесін құруды бастады. Қазір корпорацияның бөлшек сауда жүйесіне 60-қа тарта нысан кіреді. Ол нысандардың қатарында 30 сауда павильоны, 7 автодүкен және корпорацияның меншігіндегі базарлардағы 22 сауда нүктесі бар. Сауда павильондары қаланың халық ең тығыз қоныстанған аудандарында орналасатын болады. Болашақта өз супермаркеттерімізді де ашамыз. Дүкен жасауға болатындай ғимараттар өзімізде бар. Шаһардың ірі және шағын сауда орындарымен де ынтымақтаса жұмыс істемекпіз. Қазір «Магнум», «Рахат», «Томат» сынды ірі сауда жүйелерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз оларға көкөніс өнімдерін арзан бағаға жеткізіп беруге дайынбыз, олардан тек  өздерінің сауда үстемесін төменгі деңгейде қоюды талап етеміз. Яғни, бұл өнімдер қарапайым тұтынушыларға қолжетімді бағада ұсынылуға тиіс. –       Осы шағын автодүкендердің пайдасы қаншалықты? –       Алматы қаласының азық-түлік нарығындағы өз жағдайын бекіте түсу үшін корпорация арнайы автодүкендерді пайдалануды жөн көріп отыр. Бұл автодүкендердің басты артықшылығы – олардың кез-келген ауданға жылдам жете алатыны және пайдалану шығыны аз болғандықтан сауда өсімінің де өте төмен қойылатыны. Сондықтан біз алдағы уақытта автодүкендердің де, сауда павильондарының да санын әлдеқайда көбейтуді жоспарлап отырмыз. –       Ал муниципалды базарлардың жұмысы қалай жүріп жатыр? –       Иә, бүгінде қалада «Айнабұлак» және  «Алматы-Сауда» деген екі базар жұмыс істеп жатыр. Бұл базарлар қаланың коммуналдық жекеменшігінде қалған соңғы сауда орындары еді. Бүгінгі таңда әкімдік оларды корпорацияның балансына берді. Бұл базарлардағы  бағалар шынымен де қаланың басқа базарларына қарағанда әлдеқайда төмен. Бұған себеп, біз оларда ерекше бір тәжірибе жасап отырмыз. Өзара келісім арқылы сатушыларды орынды күзету, жалға алу ақысынан, тауарды сақтау ақысынан және тағы басқа алымдардан босаттық. Өйткені,  бұл төлемдер, түптеп келгенде, сатылатын тауардың өзіндік құнының  60 пайызын құрайды екен.  Сатушылар болса біздің бұл қадамымызға жауап ретінде  өздері қоятын үстеме ақыны 10 пайыздан асырмауға міндеттеме алды. Нәтижесінде қазір біздің базарлардағы көкөніс бағасы басқа сауда нүктелерімен салыстырғанда  30-40 пайызға арзан болып отыр. АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІ ТҰРАҚТЫ ӨТЕТІН БОЛАДЫ –       Ал,  демалыс сайын өтетін жәрмеңкелер ше? Тұрғындар оны өткізу әдісін жақсартуды сұрап жүр ғой… –       Жәрмеңкені өткізу ісін біз алдағы уақытта қолымызға алмақпыз. Жоспар бойынша,  біз Алматы қаласындағы азық-түлік жәрмеңкелерін қаланың 7 ауданында бірдей аптасына 5 күн өткізуді ұсынып отырмыз. Оны ұйымдастыруды жетілдіреміз. Ең бастысы,  жәрмеңкеге қатысушы да, оған келген тұтынушы да одан өзіне пайда табатындай жағдай жасау керек.  Жәрмеңкелерді қажетті өнімдермен қамтамасыз ету үшін біз алдағы уақытта Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының  әр ауданында өзіміздің бір-бір өкілімізді ұстайтын боламыз. Олар осы аудандардағы жәрмеңкеге атсалыса алатын шаруашылықтар мен қожалықтарды іздестіріп,  өнімді жеткізуді ұйымдастырады. Қажет жағдайда бұл үшін корпорацияның көліктерін де жұмылдырамыз. Жасыратыны жоқ, жәрмеңкеге бүгінгі күндері ірі шаруашылықтар ғана белсене қатысып, ұсақ қожалықтар, өзінің жерінде мол өнім алған жеке адамдар көп қамтылмай қалып жүр. Бірақ, біз жүргізген зерттеу көктемгі мезгілде ірі шаруашылықтардың көбінің көкөніс қоры азайып, негізгі қор жеке адамдардың қолында болатынын көрсетті. Сондықтан біз аудандардағы өкілдерімізді дәл осы ұсақ тауар өндірушілермен байланыс орнатуға бағыттаймыз. Олар тек қай күні, қаланың қай бөлігіндегі жәрмеңкеге қатысқысы келетіні туралы біздің өкілге хабар берсе болды. Өкілдеріміз бізге барлық мәліметтерді уақтылы жеткізеді. Нәтижесінде әлгі шаруа қалаға келсе, мұнда оны дайын сауда орны, қажетті сауда жабдықтары күтіп тұрады.  Осылайша біз жәрмеңкеге  өнімін ұсына алатын шаруашылықтар туралы ақпарат жинап, мәліметтер базасын жасаймыз. Олармен тұрақты, ұзақ мерзімдік өзара тиімді әріптестік орнатамыз. Жәрмеңкенің өтуіне ауа райының қолайсыздығы да кері әсер етіп жататыны болады. Біз болашақта сауда жасаушыларға қолайлы, жылы да құрғақ орындар әзірлеу арқылы бұл мәселені де шешуді көздеп отырмыз. Тағы бір мәселе, керек  жарақ. Өздеріңіз білесіздер, кез-келген шаруаның сауда -саттық жасайтын құрал-жабдық алуға шамасы жете бермейді. Тіпті осындай жабдығы болған жағдайдың өзінде оны жәрмеңкеге артып келу және қайта алып кетудің өзі үлкен проблема. Осы қолайсыздықты болдырмас үшін корпорация қожалықтарды сауда сөресі, мұздатқыш сөрелер, электрондық таразы сынды жабдықтармен қамтамасыз етуді өз мойнына алуға дайын. Алғашқы кезеңде бұл қызмет толықтай тегін болады.   Бұдан басқа жәрмеңкеге келгендер үшін сатылмай , артылып қалған тауарды сақтау немесе қайта алып кету деген қиындық бары белгілі. Сатушылардың бұл мәселесін шешу үшін біз корпорация меншігіндегі кейбір жылжымайтын нысандарды азық-түлік сақтау қоймалары етіп қайта жөндеуден өткіземіз. Бұл қоймаларда жәрмеңкеге қатысушылар сауда жасайтын жабдықтарын да, сатылмай қалған тауарларын да келесі жәрмеңкеге дейін қалдыра алатын болады. Сұхбаттасқан – Әйгерім САУЫТБЕКОВА.

  • КЕРЕК ДЕРЕК
  • Алматылықтарға жылына  453 мың тонна картоп, 90 мың тонна жуа, 29 мың тонна сәбіз, 42 мың тонна қырыққабат,  84 мың тонна сиыр еті қажет екен.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *