Азия чемпионатында Мәдина Бақбергенова ел қоржына алтын медаль салды

Азия чемпионатында Мәдина Бақбергенова ел қоржына алтын медаль салды
Сурет: Inform.kz

Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен Мәдина Бақбергенова чемпион атанды.

Финалда ол 68 келіде қырғызстандық Мээрим Жуманазаровамен шеберлік байқасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қарсыласы 2021 жылы әлем чемпионы атанса, 2020 жылы әлем кубогының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, ол 2020 жылы Жазғы Олимпиадада қола алса, былтыр Азия чемпионы тұғырына көтерілді.

Сондай-ақ, әйелдер күресінде 76 келіде Гүлмарал Еркебаева қола жүлдеге қол созды. Ол жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Ариунжаргал Ганбатты жеңді.

Еске салсақ, құрлықтық додада грек-рим күресінен қазақстандық балуандар 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль алды. Азия чемпионаты 24 сәуірде мәресіне жетеді.