Үкімет ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелерін талқылады

Үкімет ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелерін талқылады
Сурет: COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналы

Кеңеске уәкілетті мемлекеттік органдар мен Ұлттық банк өкілдері қатысты.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Кеңеске уәкілетті мемлекеттік органдар мен Ұлттық банк өкілдері қатысты. Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын құру, онлайн-казиноларға қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдау, ойын бағытындағы интернет-сайттарды бұғаттау, лотерея бизнесін реттеу мәселелері бойынша тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Вице-премьер онлайн-казино сайттарының қол жетімділігі мен кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себептері екендігін атап өтті. Мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді адамдар және азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы деректер жоқ.

Е.Тоғжанов Мөлшерлемелерді есепке алу орталығының Мәдениет және спорт министрлігі базасында құрылуы тиіс екенін атап өтті. Кеңесті қорытындылай келле, Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда:

️ заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу;

️ құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау;

️ қоғам өкілдерін тарта отырып, заңсыз ойын орындарын анықтау бойынша рейдтер өткізу;

️ интернет-казиноны ұйымдастыру қызметін жүзеге асыратын тұлғалардың тізімін белгілеу;

️ банктер мен төлем жүйелеріне осы тұлғалардың пайдасына қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салуды белгілеу;

️ несие карталарының көмегімен казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу;

️ интернет-казиноны ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу;

️ құмар ойындарға тәуелді азаматтарды, оның ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйесін әзірлеу.