Азық-түлік делдалсыз жеткізіледі

Азық-түлік делдалсыз жеткізіледі
mgorod.kz

Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімінің орынбасарлары Мақсат Қиқымов пен Серік Тұрдалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын Алматыға үздіксіз жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Көшпелі кеңес барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдік өкілдерінен құрылған делегация бірнеше өндіріс орнына барды. Олар «Алматы» ӘКК» АҚ, «РИР» АҚ, «Жетісу» ӘКК» АҚ және азық-түлік өнімдерін өндіру зауыттары («Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС), қант өндіруші («Ақсу Қант» ЖШС, «Көксу қант зауыты» ЖШС), сонымен қатар «Ақ құс» құс фабрикасы («Когер ЛТД» ЖШС) мен пияз бен картоп өсіру бойынша шаруа қожалықтарында («Үштөбе» ШҚ, «Насдана» ШҚ, «Баймұрат» ШҚ) болды.

«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша алғаш рет Алматы облысының тауар өндірушілерінен азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Енді фермерлер Алматыға көкөністер, қант, сүт, жұмыртқа, макарон өнімдері, құс еті және басқа да азық-түлік тауарларын жеткізетін болады. Сонымен қатар, бұл тауарларды өндірушілер қаланың сауда желілері мен базарларына делдалсыз тікелей жүзеге асырады. Біз тауарларды ұсынылған бағаға сәйкес жеткізу және өнім бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу туралы да келістік», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Алматы әкімдігі бірқатар кешенді іс-шара қабылдады. «Magnum» және «Toimart» сияқты ірі сауда желілеріне ӘМАТ-ның 15 атауын төмен бағамен алып-сату үшін жеңілдіктер берілді: нан жеткізу үшін «Ақсай «ХБК» ЖШС, сиыр еті мен тауық етін жеткізу үшін «Union Products» ЖШС, сиыр етін жеткізу үшін «Асыл Meat» ЖШС. Сонымен қатар, «Ақсу Кант» ЖШС-нен  «Magnum» сауда желісіне 3,5 мың тонна қант белгіленген баға бойынша жеткізіле бастады. 3 жыл мерзімге шекті баға бойынша 49,6 млн. жұмыртқа жеткізу үшін «Алсад» ЖШС-мен келісімге келді.