Аймақтарда жылумен қамту желілері әбден тозған

Аймақтарда жылумен қамту желілері әбден тозған
Сурет: Kt.kz

Биыл бюджетте жылу желілерін жаңартуға қаржы қарастырылады.

Өңірлерде желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асады. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып кеткен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бүгін өңірлерді дамытуға арналған Парламенттік тыңдауда осы секілді қордаланған мәселелер тағы бір пысықталды.

"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өңірлерде инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр, - деді Сенат төрағасы. - Екібастұз, Рудный, Риддер қалаларындағы апат - осының айқын дәлелі. Екібастұз — Ағадыр желісіндегі апаттың салдарынан бірден 6 облыста электр қуатын беру көлемі шектелді. Өкінішке қарай, бұл апаттар кездейсоқ болған жоқ. Бұл - осы саладағы қордаланған жүйелі проблемалардың көрінісі".

Жалпы, электр стансаларының негізгі қондырғыларының тозуы 57 пайызға жеткен. Ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш одан да асып кеткен.

«Шын мәнінде, қуатты өңірлер - еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым міндеттерінің бірі деп белгілеп отырмыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.