Ауғанстанға Қазақстаннан гуманитарлық көмек жеткізілді

Ауғанстанға Қазақстаннан гуманитарлық көмек жеткізілді
Сурет: Ulysmedia.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин гуманитарлық және сауда миссиясымен Кабулға барды.

Дәрі-дәрмек қораптары әуе жолы арқылы жеткізілді. Жалпы көлемі 5 403 тоннаны құрайтын (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол көлігімен жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Гуманитарлық көмек азық-түлік өнімдерінен (сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық) тұрады.

«Президент тапсырмасы бойынша біз Қазақстан халқы атынан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін келдік. Біздің гуманитарлық миссиямыз қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр. Осынау мұсылмдандар үшін берекелі уақытта баршаға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз», — деді Серік Жұманғарин.

Ауғанстанға сапары аясында Серік Жұманғарин Сауда және өнеркәсіп, Сыртқы істер, байланыс және телекоммуникация министрлерінің міндетін атқарушы, вице-премьердің м.а. Абдул Гани Барадармен кездесті.

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 2,1 есе өсіп, $978,9 млн-ды құрады. Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 95%-ға өсіп, $281,5 млн-ды құрады. Ауғанстаннан Қазақстанға импорт 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 28,3%-ға өсіп, $1,1 млн-ды құрады.