Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек

Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек
akorda.kz

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанынан хабардар екенін, қалада кәріз жүйесін, су құбырын салудың маңыздылығын, инфрақұрылым әбден ескіргенін, соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатқанын айтты. 

«Мен жуырда Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни, ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек. Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы талай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керегін, әсіресе қаладағы қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет екенін тілге тиек етті. 

«Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс. Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн. Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар. Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент Атыраудағы Онкология орталығын салуға жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетінін хабарлады. 

«Мен кезінде Атырауда Онкология орталығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ, қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін. Бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту (реабилитация) орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі», - деді Мемлекет басшысы.