Astana Half Marathon: желаяқтар жүгіруден жарысты

Astana Half Marathon: желаяқтар жүгіруден жарысты
Сурет: Elorda.info

Жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен 6000-ға жуық адам қатысты.

«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры Астанада екінші мәрте жүгіруден жартылай марафон жарысын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.

Жарыс EXPO халықаралық көрмесінен басталып, әлемнің 20-дан астам елінен 6000-ға жуық желаяқ Астананың көрнекті Ботаникалық саябақ, Ұлттық музей, Тәуелсіздік сарайы т.б жерлерін жүгіріп өтті. 

Aшылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысып, осындай бұқаралық спорт шаралары артқанының нәтижесінде өзінің де желаяқтар қатарына қосылғанын айтып өтті. Ол спортты серік еткен жандарға сәттілік тілей отырып, жүгіретіндердің саны артқанына қуаныш білдірді.

Биылғы марафонның басты ерекшелігі – былтырғыға қарағанда 1 сағат ерте басталды. Сағат 7:00-де 10 шақырым қашықтыққа тіркелгендер сайысты бастаса, 7:25-те жартылай марафоншылар іске кірісті.

«Күннің ыстығына созбай, сағат 7-де бастағанына өте қуаныштымын. Нәтижесінде былтырғыға қарағанда сәл де болса жақсы жүгірдім. 10 шақырымды 58 минутта бағындырдым. Мәреге жетер сәтте күн шақырайып, температураның жоғарылығы білінді. Келесі жылы 6-да бастаса деген тілегім бар», - деп өз ойымен бөлісті 57 жастағы Астана тұрғыны Қанат Алманов.

Өкінішке қарай, биыл қатысушылардың саны артқанымен, былтырғы рекордтардың мұрты бұзылмады.