Ардагерлер бас қосты

Ардагерлер бас қосты
Сурет: Almaty-akshamy.kz

«Almaty aqshamy» газетінің 35 жылдық мерекесіне орай, басылымда әр жылдары еңбек еткен ардагерлер редакциямызда бас қосты.

Біздің қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген ғой. Сол айтпақшы, қай кезде де аға буынға арқа сүйейтініміз рас. Өмірдің ащы-тұщысын татып, баспасөзде көп жыл еселі еңбек еткен, «Ақшамда» маңдай тері сіңіп, қолтаңбасы қалған ардагерлерге деген құрметіміз ерекше. Өткенсіз кемел келешек болмайтыны сынды, ақылды қариясыз-ағынды дариясыз, игілігі мол идеясыз жасампаз газет шығару мүмкін емес.

«Өздеріңіздің бай тәжірибелеріңіз кейінгі орта буын мен жас буынға аса қажет. Осы мақсатты алға тұтып, мерейлі дата алдында дастарханнан дәм татқызып, өздеріңіздің ақыл-кеңестеріңізге  құлақ түргіміз келді», – деді «Ақшам» редакциясында ардагерлерді ақжарыла қарсы алған «Alatau Аqparat» ЖШС-ның Бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

«Ақшамға» ақ батасын арнаған Қазақстанның құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлы бастаған Қанат Қайым, Өтеш Қырғызбай, Ермек Жұмахметұлы, Зейнолла Абажанов, Жексен Алпартегі, Нұржамал Байсақал, Қарлығаш Бесірова өздерінің сүйікті газетіне ыстық ықыласын білдіріп, тілегін арнап, ұсынысын жеткізді. Қарлығаш замандасымыздың жары, басылым еңбекторысы, Желтоқсан қаһарманы Құттыбек Аймахан (марқұм) екеуінің танысып, білісуіне «Ақшам», отау құруына ақшамдықтар сеп болғанын айтты.

Газет те жанды дүние. Оның да өсу, кемелдену кезеңі болады. Бүгінгі ақпарат құралдарына жаңаша шешім, жаңаша қадам жасалуы қажеттігі тағы бар. Әлемде жүріп жатқан ақпараттық-психологиялық майдан соны көрсетуде.

«Ақпараттық стратегиямызды нығайтпақ ойдамыз. Басылымның сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, ішкі мазмұнына мән бермекпіз. Бүгінгі заман сапалы ақпарат дәуірі ғой», – деген ЖШС Бас директоры құрметті қонақтарға газеттің алдағы бағыт-бағдары жайында мәлім етті.

Емен-жарқын жүздесуден соң ардагерлер редакция ғимаратының алдында естелік суретке түсті. Өз кезегінде біз де алды сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгерлермен «тек жақсылықта жолығайық, жақсы күндерде кездескенше» деп қош айтыстық.