«Антикордың назары – АБАЕВТА...»

«Антикордың назары – АБАЕВТА...»
Сурет: ашық дереккөз

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрі болып тұрған кездегі заң бұзушылықтарды тексере бастаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Дәурен Абаев министр болып тұрған кездегі заңсыздықтарға Антикор назар аудара бастады. Қазір тексеру жүріп жатыр. 2022 жылы өткен «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне қатысты», – деген ақпарат көзі.

Кинофестиваль өткізудегі заңсыздықтар жөніндегі редакция сауалына Антикордың сотқа дейінгі тергеу қызметінің жетекшісі Қанат Сүлейменов былай деп қысқа жауап қайтарыпты:

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр»

Естеріңізге салайық, «Ескі Қазақстанның» белсенді өкілдерінің бірі Дәурен Абаев 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарды. Биылғы жылдың науырызынан бастап ТМД Бас хатшысының орынбасары лауазымында. Қазір Д.Абаев қызмет бабына байланысты Беларусь астанасы Минскіде тұрады.

Егер Д.Абаевтың кезінде заң бұзушылықтар жасалғаны дәлелденсе, Абаевтың өзі қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма? Бұл мәселеге қатысты Абаевтың өзі не дер екен?..