«Алтын Орда» базары маңындағы көпірдің құрылысы қыркүйек айында толық аяқталады

«Алтын Орда» базары маңындағы көпірдің құрылысы қыркүйек айында толық аяқталады
сурет: Almaty.tv

«Алтын Орда» көпір құрылысы 2017 жылдан бері салынып келеді

«Алтын Орда» базары маңындағы көпірдің құрылысы қыркүйек айында толық аяқталады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі арнамызға берген арнайы сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қазір құрылыстың 85 пайызы біткен. Енді тек асфальт жабындыларын төсеу қалыпты.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан «Алтын Орда»  көпір құрылысы 2017 жылдан бері салынып келеді. Сабыры сыналған жүргізушілер құрылысы созылған көпірден өтуі үшін сағаттап кептелісте тұрамыз деп шағым айтады.

«Осы көпірді жеті жыл салды ғой.  Әзір білінбейді, кешке көрсеңіз, асты да, үсті де кептеліс», – деді қала тұрғыны Мерей Жұмабеков.

Қалаға кіріп-шығатын жол құрылысының кешеуілдеуіне Президент назар аударып, тиісті тараптарға тапсырма берген болатын.

«85% жұмыс біткен. Қазіргі уақытта асфальт-бетон салу жұмысы қалды. Автобус, транзиттік жолақ болады. Сол жұмыстар біткеннен кейін 2 айдың ішінде асфалть салып бітеміз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.

Алайда мұндағы жұрт уәдеге сенуден қалған. Даулы құрылысқа бұған дейін жауапты болған компания сөзінде тұрмады дейді.

«Уәдесіне мен сенбеймін. Өйткені болды ананың үстін жөндейміз деп өткізген шала-пұла сол күйі қалды. Қайтадан ремонттап жатыр. Енді оны не деуге болады», – деді қала тұрғыны Асхат Игісінов.

Ал «Алтын Орда»  көпірін қоса алғанда республикалық маңызы бар жолдарды тексеруге келген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі, бұған дейінгі олқылықтардың орнын толтырамыз деп отыр. Айтуынша, бұған дейінгі құрылысқа жауапты мердігердің қателігі жолайырық жұмысына кесірін тигізген.

«Елімізде жалпы құрылысы ұзаққа созылған деп танылған бірқатар күре жолдардың жұмысы қайта жанданды. Алтын орданы салған мердігер ұйым, жұмысына салғырт қарағандықтан олармен келісімшарт бұзылды, жаңа мердігер ұйым келіп жатыр. Олар 5 айдың ішінде «Алтын Орданың» көпірін салып берді», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ляззат Стамғазиева.

Жаңа мердігер компания құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін 200-ден аса адам жалдапты. Ал, уақытша қиындықтарға түсіністік танытуыларын сұрайды.