Алматылық дәрігер аптап ыстық кезінде пайдалы болар кеңестер ұсынды

Алматылық дәрігер аптап ыстық кезінде пайдалы болар кеңестер ұсынды
Сурет: Almaty.tv

Алматы қаласының бас психиатры шілденің шіліңгір ыстығы тұрғындардың психикалық денсаулығына әсер етеді және жедел түрде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.  

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев аптапта  сіркесі су көтермей, әлсіздік , ұйқысыздық қалжыратып,  мінез-құлқында өзгерістер сыр берген алматылықтарды медициналық көмекке жүгінуге шақырады. 

«Аптап ыстық адам ағзасында гормональды өзгерістердің  пайда болуына түрткі болады. Мұның нәтижесінде  ағзада дофамин,  адреналин, кортизол, серотонин  көп бөлінеді. Бұған қоса,  бүкіл дүниені тұмшалап тастағандай қапырықта   ұйқы бұзылады, жұмыс істеуге зауқы болмайды. Көңіл-күйі тез құбылып, күйзеліске түсіп кетуі әбден мүмкін. Ми қызметінің жұмысы нашарлайды.  Күн райының қолайсыздығынан  адамдардың   эмоциясын  басқару мүмкіндігі тежеледі.   Ашуланшақ, агрессиялық мінездің аяқ астынан пайда болуы да ғажап емес. Дегбірсіз күй, әлсіздік, тәбеттің болмауы психологиялық жағдайға   әсер етеді», -  дейді орталық директоры. 

Сондықтан  мазасыз күй, дегбірсіздіктен құтылу үшін медициналық көмекке жедел жүгінуге кеңес береді. 
Сапар Рахменшеев күн көзінен бой тасалап,  сұйықтықты көп ішу керек дейді. Аптап кезінде адам терлейді және   ағзадағы  сұйықтықты көп жоғалтады. Оны  қалпына келтіру үшін суды көп ішуге , салқын жерде демалуға , алкогольді өнімдерді тұтынбауды ескертеді.  Аптап кезде психикалық ауруға шалдыққан науқастардың да денсаулығы сыр беруі мүмкін дейді орталық басшысы. Сондықтан Сапар Рахменшеев күн көзіне көп шықпауға , денсаулықты сақтауға шақырады.