Алматыға қанша ресейлік азамат келіп, кетіп қалды

Алматыға қанша ресейлік азамат келіп, кетіп қалды
Сурет: Ашық дереккөзі

Мемлекеттік органдар заңға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес барлық қажетті көмекті көрсетеді

Ресейде әскери мобилизация басталғалы Алматыға 5066 Ресей азаматы кіріп, кейін 4172-сі кетіп қалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спикер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Алматы қаласының әкімдігі Ресей Федерациясы азаматтарының келуіне қатысты арнайы жоспар дайындағанын мәлім етті. 

«22-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласына 5 066 РФ азаматы келіп, оның 4 172 қайта шығып кеткен. Ал қалған 894 ресейлік қала аумағында қалды. Бұл біздің қала үшін үлкен көрсеткіш емес. Алматының барлық қызметтері түгел қажетті жұмысты орындауға дайын. Мемлекеттік органдар заңға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес барлық қажетті көмекті көрсетеді. Яғни, ешқандай артықшылық болмайды», - деді Арман Қырықбаев. 

Сондай-ақ ол барлық мемлекеттік мекемелер, әсіресе көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын баса айтты.

Арман Қырықбаев қажет болған жағдайда 2 мыңға жуық төсек орын дайындалатынын тілге тиек етті. Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауының тәулік бойы тегін колл-орталығы жұмыс істейді. Барлық өзекті сұрақтар бойынша 1308 (мобильді қазақстандық ұялы байланыс операторының қоңырауы, тек Алматы қаласында ғана қолжетімді) және +7 727 338 33 88 (қалалық телефоннан қоңырау) телефондарына хабарласуға болады.

Бұдан басқа, көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері, шетел азаматтарының Алматы қаласының аумағында болу ережелері бойынша жедел желі ұйымдастырылды: +7 727 254-43-17, +7 727 254-46-97.