Алматыдағы іскерлік белсенділік қалпына келе бастады

Алматыдағы іскерлік белсенділік қалпына келе бастады
Сурет: Mosopora.ru

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 19,8%-ға өскен.

Алматы қаласында экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділіктің қалпына келе бастауы байқалады. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин брифингте айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Алматы қаласында экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділіктің қалпына келе бастауы байқалады. Мәселен, ағымдағы жылдың үш айында қала 19,8%-ға өсуге қол жеткізе отырып, 248 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды (ҚР – 2 263,1 млрд теңге немесе 101,5%). 

Инвестицияның едәуір көлемі жылжымайтын мүлік (131,4 млрд теңге), көлік және қоймалау (27,2 млрд теңге), өнеркәсіп (20,4 млрд теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (14,8 млрд теңге) салаларында тартылды. 

Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі дамудың оң серпінін көрсетуде. Бірінші тоқсанда Алматыда 387,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 11,5%-ға артты. Өңдеу өнеркәсібінің 18%-ға өсуін ерекше атап өткім келеді, бұл, ең алдымен, машина жасаудың белсенді дамуының 1,7 есе өсуіне байланысты. 

Тамақ өнімдері өндірісінде 1,6%-ға (63,5 млрд теңге, үлесі – 20,4%); өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде 41,1%-ға(13,9 млрд теңге, үлесі - 4,5%); сусындар өндірісінде 10,5%-ға (15,6 млрд теңге, үлесі - 5%); жеңіл өнеркәсіпте 2,9 есеге (3,8 млрд, үлесі - 1,2%); негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар  5,4%-ға (5,8 млрд теңге, үлесі - 1,9%); химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 26%-ға (3,2 млрд. теңге, үлесі - 1%).