Алматыда Жеңіс күні тойланды

Алматыда Жеңіс күні тойланды
сурет: Д.Исаев

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығы мерекеленді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Дәстүр бойынша негізгі мерекелік іс-шаралар 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтті, онда Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздіктен кейін Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Ардагерлердің құрметіне арналған мерекелік түскі ас кезінде әкім майдангерлерді мерекемен құттықтап, ұрыс алаңында және еңбек майданында көрсеткен ерліктері үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық, бақыт пен амандық тіледі.

Өз кезегінде ардагерлер қала басшылығына назар аударғаны үшін алғыс айтып, Алматы тұрғындары мен барлық қазақстандыққа бейбітшілік пен жақсылық тіледі. Сонымен қатар, олар естеліктерімен бөлісті, өлең оқып, майдан әндерін айтты.

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта әскери техника көрмесі өтті, қала тұрғындары мен қонақтары үшін далалық ас үй ұйымдастырылды, мерекелік концерт қойылып, қазақстандық әртістер майдан әндері мен соғыстан кейінгі жылдардағы әндерді орындады.

Бұған қоса, Алматыда Б.Момышұлы монументіне, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаев мемориалдық тақтасына, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Нұрмағамбетов ескерткіштеріне, С.Луганскийдің бюстіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік» және «Отан үшін шайқаста қаза тапқандарға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл шоқтарын қою рәсімдері өтті.

Жеңіс күнін мерекелеу Ш. Уәлиханов атындағы скверде және Жібек Жолы-Панфилов көшелерінің қиылысында да өтті. Концертте «Алматы әуендері» әртістері, Абай атындағы ҚҰОБТ солистері және басқа да музыкалық ұжымдар өнер көрсетті.

Мектептер мен колледждерде әскери қызметшілердің, ардагерлердің қатысуымен «Ерлік сабақтары», сонымен бірге балаларды әр алуан әскер түрлерімен таныстыру бойынша сабақтар және т.б. өткізілді.

Соғыс жылдары майданға 1,3 млн қазақстандық шақырылды. Қазақстанның 100 мыңнан астам сарбазы жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазір Алматыда Ұлы Отан соғысының 56 ардагері тұрады.