Алматыда «жасыл дәліздер» тұжырымдамасы іске асырылады

Алматыда «жасыл дәліздер» тұжырымдамасы іске асырылады
Cурет: ашық дереккөз

Алматы әкімі Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті.

Аудан тұрғындарымен өткен кездесуде қала тұрғындары көкейлерінде  жүрген сұрақтарын қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Мен барлық жаңа көп қабатты құрылысты Gate City-ге көшіруді, яғни қаланың экологиясына жүктемені азайту үшін Алматыда аз қабатты үйлерді ғана қалдыруды ұсынамын», - деді аудан тұрғындарының бірі. 

 Бұл сұраққа Алматы әкімі Ерболат Досаев:

«Экология бойынша кеше Президент біздің жасыл дәліздер бойынша жобамызды қолдады. Жоба аясында қалада өзендер мен көшелер бойын көгалдандырырылып, экологиялық көлік түрлеріне көшеді. 2025 жылдың соңына дейін бізде дизельмен жүретін бірде-бір автобус болмайды. 

Біз сондай-ақ жел екпіні деп аталатын мәселелерді шешеміз. Біз қазір мәселенің оңтайлы шешімін табу үшін ғалымдармен жұмыс істеудеміз. Бірақ, ең бастысы, егер тиімді экологиялық көлік болса және жылыту маусымында біз көмірден және қатты отынның басқа түрлерінен арылсақ, онда қаладағы жағдайды алдағы үш жылда жақсартамыз деп ойлаймын», - деп жауап берді. 

Қалалық «жасыл дәліздерді» құру жөніндегі іс-қимыл жоспары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірленуде. Осы бастамалар аясында жалпыға қолжетімді жасыл кеңістіктердің үздіксіз тізбегін қалыптастыру, сондай-ақ Алматы агломерациясының аумағындағы өзендер мен каналдар арналары бойындағы көгалдандырылған аумақтарды ұлғайту жоспарлануда.