Алматыда танымал суретшінің жеке көрмесі ашылды

Алматыда танымал суретшінің жеке көрмесі ашылды
Сурет: Almaty.tv

Көрмеге суретшінің 70-ке жуық еңбегі қойылған

Алматыда танымал суретші Кәміл Муллашевтың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бейнелеу өнерінің түрлі бағытын қамтыған өнер туындылары «Уақыт үні» деп аталды. Суретшінің айтуынша, бұлай аталуы да бекер емес. Себебі көпшілік назарына ұсынылған картиналар соңғы жылдары елімізде, жалпы әлемде болған жағдайлардан сыр шертеді. Мәселен  «Covid-19», «Өмір үшін күрес» деп аталатын туындылары көптің назарын еріксіз аудартады. Көрмеге суретшінің 70-ке жуық еңбегі қойылған. Автор бұлардың барлығын соңғы 3 жылдықта қағаз бетіне түсіріпті.

«Дәуірімізді, жақын адамдардың портретін, өзімнің философиялық ойымды бейнелейтін суреттерім арқылы ішкі ойымды білдіргім келді», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші Кәміл Муллашев.

Кәміл Муллашев шығармаларларының негізгі идеясы – адам өмірінің құндылығы мен руханияты. Шебердің мыңнан астам картинасы бар. Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіндегі көрме 7 қазанға дейін жалғасады. Келіп тамашалаймын деген қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұражай күн сайын таңғы сағат 10:00-дан  кешкі 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

«Адамның мінезінің өзгеруі, немқұрайлылығын күлкілі ирониялық тілде жеткізген шығармалары да бар. Сондай-ақ портреттік туындылары да көп. Олар – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері мен белгілі тұлғалар бар», – деді Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің бөлім жетекшісі Сандуғаш Мырзабекова.