Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті
Сурет: Министрлік

Турнирде 177 боксшы бақ сынасты

Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан өткен халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасының атынан құрамында 177 былғары қолғап шебері бар 25 команда қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

– Қарулы Күштерде қазақ халқының даңқты ұлы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Еске алу шаралары батырдың туған жері Ақкөл қаласында, Құрлық әскерлерінің әскери институтында, астаналық әскери колледжде және басқа гарнизондарда өтті. Ал бүгінгі турнирдің халықаралық мәртебесін ерекше атап өтуге болады, – деді Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы, подполковник Арман Әбеуов атап өткендей, қазақ халқының даңқты ұлы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу турнирінде еліміздің ең мықты боксшылары іріктеуден өтіп, үздіктердің үздігін жеңуде.

– Осындай жарыстардың арқасында халықаралық тәжірибе жинақтап, жаңа есімдер анықталады, – деп толықтырды подполковник Арман Әбеуов.

Турнир қорытындысы бойынша, 48 келі салмақта Женіш Ұлпатов (Қырғызстан), 51 келіде Даниял Сәбитов (Батыс Қазақстан облысы), 54 келіде Дамир Әбдіқадыр (Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы), 57 келіде Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы), 60 келіде Бейбарыс Жексен (Жамбыл облысы), 63,5 келіде Сұлтан Мусинов (Ақмола облысы) жеңімпаз болса, 67 келіге дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов (Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы), 71 кг – Дархан Дүйсебай (Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы), 75 кг – Аятулла Тәкіжанов (Павлодар облысы), 80 кг – Ерасыл Жақпеков (Абай облысы), 86 кг – Шаймұрат Құсайынов (Павлодар облысы), 92 кг – Асан Резбек (ҚХР), 92 келіден астам салмақта Абдурашит Рамела (ҚХР) ұтып, сайыс чемпиондары атанды.