Оркестрлер фестивалі халықтық караоке форматында өтті

Оркестрлер фестивалі халықтық караоке форматында өтті
Almaty-akshamy.kz

Қала күні қарсаңында екі кеш бойы қатарынан Республика Сарайының алдындағы алаңда жанды музыка әуеледі. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері ашық аспан астында өнер көрсетіп, оларды оркестр ұжымдары сүйемелдеді. Мыңдаған адамдар сүйікті әндерін тыңдауға келді. Ашық аспан астындағы көрермендер залында орын таппағандар концертті орындықтарда отырып тыңдады. Өйткені, көптен бері оркестрлер фестивалі алматылықтардың ашық аспан астындағы сүйікті мерекелерінің біріне айналды.

Фестиваль он екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және әр уақытта ұйымдастырушылар оған арналған тақырыпты ойлап табады. Алматылықтар оркестрлердің орындауында әйгілі кинокартиналар мен мультфильмдердің саундтректерін тыңдап, ең танымал кеңестік әндермен бірге ностальгияға бой алдырды.

Бұл жолы екі күн бойы алматылықтар мен қала қонақтарына қазақстандық композиторлардың музыкасын тыңдау ұсынылды. Алғашқы кеште сахнадан опера солистерінің орындауындағы қазақстандық композиторлардың шығармалары шырқалды, ал оларды Александр Беляковтың жетекшілігімен эстрадалық-симфониялық оркестр сүйемелдеді. Сахнаға бірінші болып Абай атындағы опера және балет театрының солисі шығып, «Арман Қала» әнін орындады. Венера Алпысбаева, Нұржан Бажекенов, Бауыржан Мусин және т.б. көпшілікті өнерлеріне тәнті етті. Сахнадан Құрманғазы, Шәмші Қалдаяқов, замандасымыз Төлеген Мұхамеджанов және басқа да көптеген композиторлардың шығармалары шырқалды. Алматылықтар әндердің көпшілігін жатқа білетін, сондықтан да орындаушылармен бірге айтты. 

Белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаева да өнер көрсетті. Сондай-ақ, концертке қазақстандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде көрермендердің сүйіктісі Мәди Рымбаев қатысты.

Екінші кеш Ұлы даланың фольклорлық інжу-маржандарына арналды. Халық композиторларының шығармаларын Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен "Сазген сазы"фольклорлық-этнографиялық ансамблі орындады.