Алматыда оқушылар арасында зымыран үлгілерін жасау спортынан жарыс өтті

Алматыда оқушылар арасында зымыран үлгілерін жасау спортынан жарыс өтті
Сурет: Gov.kz

Жарысты Defence Hub және жергілікті әскери басқару органдарының қолдауымен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық бірлестігінің Алматыдағы филиалы ұйымдастырды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Алматы облысындағы Байсерке әуеайлағында Кеңес Одағының Батыры, бірінші Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған жасөспірім техник-конструкторлардың қалалық жарысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Зымыран және авиация үлгілерін жасау спорт түрін дамыту бүгінде едәуір назарға алынуда. Бұл байқау дарынды балаларды анықтауға және қолдауға, олардың техникалық және шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған. Жуырда оқушыларды осы бағытта мақсатты түрде дайындауды жоспарлап отырмыз», – деді жарыстың бас төрешісі зымыран үлгілерін жасау спортынан әлем чемпионы Юрий Фильчуков.

Жарысқа 9-17 жас аралығындағы 130-дың үстінде оқушы қатысты. Жас техниктер S6 класты үлгілерді жобалауда, өндіруде, іске қосуда және басқаруда бағын сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды № 78 мектеп-гимназиясының, екінші орынды Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің, үшінші орынды № 137 мектептің командалары иеленді. Алматы қаласы №105 гимназиясының оқушылары шараны өткізуге және төрешілікке белсене атсалысты.