Алматыда күрделі жөндеуден кейін 315 орындық балабақша ашылды

Алматыда күрделі жөндеуден кейін 315 орындық балабақша ашылды
almaty-akshamy.kz

Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданындағы сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жүргізілген балабақша ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

№186 бөбекжай-балабақша Әуезов ауданының "Ақсай-4" шағынауданында орналасқан. Ғимараттың жалпы алаңы – 4343 ш.м. 315 орындық балабақшада сейсмикалық күшейту, қалпына келтіру жұмыстары және ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бақытжан Сағынтаев аталған балабақшаның ашылуы бұрын жалға берілген мемлекеттік балабақшалардың ғимараттарын қайтару жөніндегі қалалық бағдарламаның нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.

Еске салсақ, ағымдағы жылы 360 орындық үш мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды. 280 орындық тағы бір балабақшаның құрылысы жалғасуда, пайдалануға беру 2022 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, 4658 орындық 72 жекеменшік балабақша ашылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 30 460 орындық 519 жекеменшік балабақшада орналасқан. Ағымдағы жылдың соңына дейін 250 орындық тағы бес жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған.

Қазіргі кезде қалада 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 64,2%-ы, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 90,6%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.