Алматы облысында алаяқ әйелдің ісі әшкере болды

Алматы облысында алаяқ әйелдің ісі әшкере болды
Сурет: Polisia.kz

WhatsApp желісінде хат алмасып отырған құрбандарын ақша аударуға көндірген алаяқ әйел ұсталды.

Осы жылдың қазан, қараша айларында Алматы, Қызылорда қалалары мен Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында тұратын жеті азамат интернеттегі алаяқтық деректері туралы Талғар АПБ кезекші бөліміне арызданған болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жәбірленушілердің арызына сүйенсек, WhatsApp мессенджерінде болашақ құрбандар қосылған арнайы топ құрылған. Хат алмасу арқылы олар ақша табудың осы жолына ақша салуға адамдарды көндірген. Қажетті сома аударылғаннан кейін Фарида есімді әйел “ізін суытқан”. Қолды болған ақшаның жалпы сомасы анықталуда. Аталған деректер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша Талғар АПБ -де тіркелді және тергеу барысында олардың барлығы бір өндіріске біріктірілді.

Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Талғар ауданы Қызылту кентінің 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол ұсынылған дәлелдемелерден кейін барлық эпизодтар бойынша өз кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.