Алматыда қураған шөп өртеніп жатыр

Алматыда қураған шөп өртеніп жатыр
Сурет: 24tv.ua

Мамандар алматылықтарды сақ болуға шақырды.

Алматыдағы өрт сөндірушілер 30 наурыздан бастап жалпы ауданы 8,5 мың шаршы метр болатын 25 өрт ошағын сөндіруге жұмылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алатау ауданында жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын құрғақ шөп өртеніп, тұрғын үйге жақын орналасқан қора-қопсыға тарады.

«Өжет» және «Шалкөде» ықшамауданында жалпы көлемі 1000 шаршы метр болатын құрғақ шөп өртенді. Өрт жеке тұрғын үйге жақын жердегі қора-қопсыға жайылды. Оны жоюға 7 техника мен жеке құрамнан 20-дан астам қызметкер жіберілді. Өрттің себебі - ашық от көзі», - дейді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 6 сәуір күні сағат 19:50-де Наурызбай ауданында да құрғақ шөп өртенген.

«Ғаламат» шағын ауданында тау бөктерінде қураған шөп өртеніп жатты. Техниканың кіруі қиын болғандықтан, өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу көтерілді. «Ермак» аспалы өрт сөндіргіштері, шанцты құралдар (шартылдақтар, күректер) пайдаланылды. Қолданылған шаралардың арқасында өрттің тұтану ошағы 20:28-де жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады ведомстводан.

Департамент қала тұрғындары мен қонақтарын далада от жағудан, темекі шегуден және құрғақ шөп пен орылған шөпті өртеуден бас тартуды сұрайды.

«Кінәлі адамдар әкімшілік, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда, қылмыстық жауапқа тартылады. 30 наурыздан бастап өрт сөндірушілер жалпы ауданы 8,5 мың шаршы метр болатын 25 өрт ошағын ауыздықтауға жұмылдырылды», - деп ескертеді ТЖД.