Алматыда «Көш. Наурыз – думан» театрландырылған керуен жүріп өтті

Алматыда «Көш. Наурыз – думан» театрландырылған керуен жүріп өтті
Сурет Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Алматыда Наурыз мейрамын тойлау жалғасып жатыр. Бүгінгі Ынтымақ күні қала көшелерімен «Көш. Наурыз – думан» атты театрландырылған керуен өтті. Оған ұлттық киім киген 1000-нан астам адам қатысты.

Батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы адамдар қала тұрғындары мен қонақтарын қуантты. Әжелердің шашуы мен ақындардың өлеңі керуенге ажарын аша түсті. Арбадағы киіз үй, қыз күймесі, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелер, сонымен қатар, қазақ халқының жеті қазына нышандары ұлттың мәдениеті мен дәстүрінің тамыры тереңде екенін еске салды.

Керуен Абай атындағы алаңда басталып, Астана алаңында мәреге жетті, онда бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін 1000-нан астам артистердің қатысуымен негізгі мерекелік концерт өтеді. 

Айта кетейік, бүгін және ертең қаланың барлық ауданында концерттер мен басқа да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 

 Алатау ауданында концерттік бағдарлама 21-23 наурыз аралығында сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда (Нұркент ш/а., 6) үш күн бойы өтеді.

Әуезов ауданында концерттік бағдарлама 22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін аудан әкімдігінің алдындағы алаңда (Алтынсарин даңғылы, 23) өтеді.

Бостандық ауданында киіз үйлер көрсетілімі, қолдан жасалған бұйымдар көрмесі және концерттік бағдарлама 21 наурызда сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «MEGA Center Alma-Ata» СОО алдындағы алаңда (Розыбакиев көшесі, 247а) өтеді.

 Жетісу ауданында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік мерекелік іс-шаралар 21 наурызда Құлагер шағын ауданындағы «Гүлдер» саябағында (Серіков көшесі, 2а) сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін өтеді.

Түрксіб ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдері бар мерекелік концерттер 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін С.Сейфуллин атындағы саябақта (Шолохов көшесі мен Щербаков көшесінің қиылысы) өтеді.

Наурызбай ауданында концерттік бағдарлама 22 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Абай даңғылында (Алатау даңғылы мен Строительная көшесінің арасында) өтеді.

Алмалы ауданында негізгі іс-шаралар «Астана» алаңында өтеді: 21 наурыз 11:00-ден 22:00-ге дейін және 22 наурыз 12:00-ден 22:00-ге дейін мерекелік бағдарлама, театрландырылған шоу, цирк әртістерінің қойылымы, ұлттық спорт түрлері бойынша ойындар және т.б.

Алматының Арбатында (Жібек жолы даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысы) 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін қуыршақ театрының актерлері, халық жанрының артистері өнер көрсетеді, сонымен қатар, кітап жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесі өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этно-фольклорлық ұжымдар өнер көрсетеді.
 Сондай-ақ, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратының алдында 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін қуыршақ театрының, танымал музыкалық ұжымдардың және өнер академиясының студенттерінің мерекелік бағдарламасы өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, «Алматы әуендері» артистерінің және вокалдық-аспаптық ансамбльдің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Медеу ауданында 21 наурыз күні сағат 12:00-де Абай атындағы алаңда Наурыз мейрамы аясында Наурызды тойлайтын елдердің мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіретін «Nauryz Fest» халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ, 21 және 22 наурызда сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.