Мәжіліс отырысында оңтүстік пен солтүстік арасын жалғайтын теміржол көлігіне қатысты мәселе көтерілді

Мәжіліс отырысында оңтүстік пен солтүстік арасын жалғайтын теміржол көлігіне қатысты мәселе көтерілді
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Бұл мәселені депутат Фахриддин Қаратаев қозғады

Осы орайда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біздің депутаттық сауалымызға 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» - «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында халықтың оңтүстік өңірінен жұмыс күші тапшы солтүстік өңіріне қоныс аудару кезінде тікелей темір жол бағдарының болмауына байланысты қатынау, көшу туралы күрделі мәселесі себеп болып отыр. Атап айтсақ, атажұртқа оралған қандастар көшін солтүстікке бұру, еліміздегі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті қоныс аудару, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерінің жастарын оқуға жіберу сынды игі істер атқарылуда. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, олардың тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғандығы анық», - деді Фахриддин Қаратаев.

Осы орайда ол қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол тасымалы қызметін пайдаланатынын еске салды.

«Оның себебі пойыздың қауіпсіз көлік екендігіне, маршруты мен жүріп-тұру кестесінің ыңғайлылығына және билет құнының қолжетімділігіна байланысты. Дегенмен де, шешімін таппай отырған мәселе - ол солтүстіктегі Қостанай, Павлодар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қатынауы өте қиын. Әсіресе, көшкен жастардың ата-аналары, қарттары, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғуда. Мысалы, халық Түркістан облысынан Қостанай аумағына дейін қатынау үшін Алматы, Қарағанды немесе Нұр-Сұлтан қалалары арқылы пойыздардың уақыттары бір-біріне сәйкес келмей жарты күн, кейде бір күн күтуге тура келеді. Тіпті кейбірі жеңіл көлік такси жалдап баруға мәжбүр, бұл өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселеге айналып отыр», - деді депутат.

«Жоғарыдағы жағдайларға түсіністікпен қарай отырып, халықтың мәселесінің өзектілігін жан-жақты қарастырып, жолаушыларға мүмкіндігінше жағдай жасап, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында «Қызылорда - Түркістан - Шымкент – Жамбыл, Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызының ашылуына ықпал етуді сұраймыз», - деді ол.