Алматыда колледж студенттері полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген

Алматыда колледж студенттері полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген
Сурет: Polisia.kz

 Алматыдағы колледждердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама 13 қараша күні сағат 10:35-те келіп түскен.

Қаланың төтенше жағдайлар және жедел қызметтері дереу ғимарат пен оның маңайына комиссиялық тексеру жүргізді, нәтижесінде жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер немесе басқа да қауіпті заттар табылған жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Жалған ақпарат берді деген күдікпен 1-ші курста оқитын 16 жастағы Ж. есімді және 15 жастағы Т. есімді студенттер ұсталды.

Олардың әрекеті ҚР ҚК-нің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сараланды.

«Айғақты заттар тәркіленді, олар бойынша сараптама тағайындалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр», - деп хабарлады департаменттен.

Алматы полициясы жалған хабарлама таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын тағы да еске салады.