Алматыда «Қазақ» газетінің 110 жылдығы аталып өтті

Алматыда «Қазақ» газетінің 110 жылдығы аталып өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Газеттің алғашқы номері 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан

Бүгін ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 24 ақпанында Қазақ газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ газеті - ұлттың айнасы» кеш өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақ» газеті 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Газеттің алғашқы номері 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан. 

ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық рухын көтерген «Қазақ» газетінің зиялы қауым өкілдерінің топ бастаушысы, ұлттың ұлттығын сақтауда бар күшін салған ұлт ұстазы, күрескер ақын, қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі зор. 

Музей директорының орынбасары Данияр Байжұманов «Қазақтың көзі, құлағы және тілі» болған тұңғыш ұлттық газетінің тарихын, тәуелсіздік жолында атқарған міндеті мен маңызын, ең алдымен бүгінгі ұрпақ білуі тиіс», - деді кіріспе сөзінде.

Шарада тарих ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов музей-үйінің ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры С.Смағұлова «Қазақ газетіндегі ұлт мәселелері», Орталық музейінің «Қазақстан тарихын зерттеу» бөлімінің ғылыми қызметкері Г.Жапақова «Нәзипа Құлжанова – тұңғыш қазақ журналисі» тақырыбында баяндамалар жасады.

Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті, «Тұран» және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері баяндамашыларға Ә.Жангелдинге қатысты қоғамда қалыптасқан пікірлер, «Қазақ» газетінің жабылуының себептері, т.б. сауалдар қойып, толыққанды жауап алды.

Әнші Дәулет Әбушәкір, музей қызметкері Бейімбет Әміров кешті әдемі әнмен әрлеп, жырдан шашу шашып, өнерімен көпшілікті тәнті еткен болды.