Алматыда қар барысының өлімі полиэтилен пакеттің салдарынан болған

Алматыда қар барысының өлімі полиэтилен пакеттің салдарынан болған
Сурет: Inform.kz

Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағынан табылған әлсіреген қар барысының өмірін сақтау мүмкін болмады.

Алматы қалалық зообақтың мәліметінше, 8 желтоқсан күні Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағынан әлсіреген қар барысы табылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оның жағдайы мүшкіл болып, қатты азып, арықтаған. Өзіне жақындаған техниканың дауысына да мән бермеген.

Жануарды кездестірген саябақ қызметкерлері дабыл қағып, дереу мамандарға хабар берген.

Қар барысы кездескен аумаққа Іле Алатауы ұлттық паркінің мамандары, Зоология институтының қызметкерлері, Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары арнайы барған.

Іздестіру сәтті аяқталып, барыс сағат 23:50-де табылды.

«Жануардың жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынды. Мамандар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, жануардың жағдайы аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізілген соң, барыс көз жұмды. Барысқа Іле Алатауы ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге патологиялық-анатомиялық сараптама жасалды. Қатты әлсіреп шаршаумен қоса, жануардың асқазанынан көптеген гельминттер, полиэтилен пакеті табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, толық аң аулай алмай қалған. Жабайы табиғаттың, Алатаудың көркі болып жүрген барыс көз жұмды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасауға тырыстық. Бірақ бәрі кеш болды», - делінеді зообақтың хабарламасында.

Алматы зообағы осы оқиғадан сабақ алып, қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.

«Табиғат аясына шыққанда, адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе, түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакеттер жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршамыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз бірлесе отырып табиғатты сақтай аламыз», - деп хабарлады зообақтан.