Алматыда Герольд Бельгерді еске алу кеші өтті

Алматыда Герольд Бельгерді еске алу кеші өтті
Сурет: Almaty.tv

Қазақ, орыс және неміс тілдерінде өлең оқылды.

«Сексен сегізінші күз». Алматыда осындай атаумен белгілі қазақстандық прозашы, публицист, аудармашы Герольд Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Іс-шараны ұйымдастыруға республикалық Достық үйі және қаладағы неміс этно-мәдени қоғамы мұрындық болды. Еске алу кешінде жазушының еңбектерінен көрме қойылып, қазақ, орыс және неміс тілдерінде өлең оқылды.


«Бұл кешті ұйымдастырудың басты мақсаты – ол кісінің қазақ еліне, қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегін насихаттау. Оны біз белгілі әдебиетші, көркем сөздің шебері, аудармашы, тілдің жанашыры ретінде білеміз», – деді Республикалық достық үйінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрсауле Әлтекова.

Герольд Бельгерді еске алуға жақындары, достары, шәкірттері, ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Кеш соңында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Герольд Бельгердің өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.

«Герольд Бельгер – өте тамаша адам еді. Ол қазақ елін, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін бар жан-тәнімен жақсы көрді. Саналы ғұмырында төрт роман, екі повесть жазып қалдырды. Жанына жақын адамдарды ерекше құрметтейтін. Жазушысын төбесіне көтеріп, әр жыл сайын жадынан шығармайтын барша қазақстандықтарға айтар алғысым шексіз», – деді Г. Бельгердің әйелі Раиса Хисматуллина.