Алматыда эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты басталды

Алматыда эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты басталды
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Алматыда 25-26 қараша аралығында өтетін эстетикалық топтық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен IFAGG Trophy 2023 ашылды. Әлемдік жыл сайынғы біріншілік Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан мен Азияда алғаш рет өтуде, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Лилия Морозова және Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова қатысты.

Жарысқа әлемнің 16 елінен 52 команда қатысады, олар Австрия, Болгария, Греция, Италия, Испания, Сербия, Франция, Израиль, Египет, Жапония, Малайзия, АҚШ, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Беларусь. Ересектер мен жасөспірімдер және аралас командалар арасында 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын мына командалар қорғайды - Sunrise (Алматы), Freedom (Алматы), Carmelites (Шымкент) және Aphrodite (Астана), сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Kerbez Elite (Алматы), Samruk (Астана), Alan-Junior (Астана) және Grace (Алматы) және IFAGG Trophy 2023 қысқа, ұзақ бағдарламада және аралас командалар арасында – сеньорлар (аралас командалар) Оlimp Mix ұзақ бағдарламасы (Алматы), сеньорлар (әйелдер) қысқа бағдарлама - Kerbez Рrima (Алматы), Space (Астана), Еffect (Алматы) және Favorite (ШҚО), жасөспірімдер (аралас командалар) Vial Mix (Алматы) ұзақ бағдарламасы, жасөспірімдер (әйелдер) қысқа бағдарлама - Alan-Fortuna (Астана), Alan-Legenda (Астана), Umai (Алматы), Junior - Liberty (Шымкент), сеньорлар (аралас командалар) қысқа бағдарлама – Vintage (Алматы).

Жарыстың соңғы күні – 26 қарашада Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының (IFAGG) 20 жылдығына арналған гала-концерт өтеді.

Әлем чемпионаты аясында 23-24 қарашада төрт құрлық чемпионатының және гимнастикадан «Almaty Cup» халықаралық турнирі өтіп, оған балалар да қатысты.

Әлем чемпионатын Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясы (IFAGG), Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясы ұйымдастырды.