Электр энергиясына тарифтің өсуіне байланысты ХӘОТ үшін өтемақы ұлғаяды

Электр энергиясына тарифтің өсуіне байланысты ХӘОТ үшін өтемақы ұлғаяды
Сурет: Baq.kz

Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты әлеуметтік осал азаматтарға қосымша қолдау көрсету үшін өтемақы мөлшері 2023 жылғы 1 қарашадан бастап – 0,5 АЕК-тен (1725 теңге) 0,6 АЕК-ке (2070 теңге) дейін артатын болады.

Мұндай шешім Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XI сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Осы жылдың 1 қарашасынан бастап электр энергиясының тарифі көтерілген соң түзету қажет болды: заңды тұлғалар үшін – 1,2% – ға, жеке тұлғалар үшін-1 квт / сағ үшін 7% - ға. 

Бұған дейін ХӘОТ санатындағы алматылықтар үшін 0,5 АЕК өтемақыны мәслихат ағымдағы жылдың тамыз айында бекітті, өйткені шілде айында коммуналдық қызметтерге тарифтер көтерілді.

Тарифтердің өсуін өтеу үшін әлеуметтік көмек азаматтардың өтініші бойынша төленеді. Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин ДРЕМ есептеулері бойынша тарифтің өсуі жеке тұлғалар үшін көрсетілетін қызметтердің құнын орта есеппен 315,6 теңгеге арттыратынын түсіндірді. Өтемақы мөлшерін қайта қарау тұрғын үйге әлеуметтік көмекті 345 теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Депутаттар әкімдіктің ұсынысын қолдады. Әлеуметтік көмек көрсету мерзімі 2024 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылады. Бұл ретте, егер көрсетілетін қызметті алушы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша әлеуметтік көмек алушы болып табылған жағдайда, оған өтінішсіз әлеуметтік көмек тағайындалады, ал 2023 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жүгінген адамдарға әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады және төленеді. 

Айта кетерлігі, тарифтерді көтеру қаланың коммуналдық желілерінің тозуын азайту және апаттар мен коммуналдық қызметтерді көрсетудегі үзілістер тәуекелдерін азайту үшін "Инвестицияларға айырбастау тарифі" бағдарламасын іске асыру аясында жүргізілуде.