Алматыда екі үйді сүру жұмыстарына қыруар қаражат жұмсалмақ

Алматыда екі үйді сүру жұмыстарына қыруар қаражат жұмсалмақ
Cурет: Baq.kz

Алматының "Зерделі" ықшамауданындағы құрылысы бітпеген екі тұрғын үйді сүруге жергілікті бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген.

Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының мамандарынан мәлім болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Ықшамаудан алғашында «Алғабас-6» деп аталған. Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының сараптамасы негізінде салынып бітпеген тоғыз қабатты екі ғимараттың бұзылатынын айтқан еді. Себебі құрылыс талапқа сай жүргізілмеген. Мердігер компания жауапсыз мекеме тізіміне енгізіліп, сот шешімімен бюджетке 140 миллион теңге өндірілген. Әкімдік өкілінің айтуынша, құрылысы аяқталмаған бұл үйлерде үлескерлердің қаражаты жоқ. Сапасыз тұрғын үйлер жыл соңына дейін сүріліп, келесі жылы орнын абаттандыру жұмыстары басталады. Айта кетейік, "Зерделі" ықшамауданында қисайған 30 үйдің 23-нің іргетасы күшейтілген. Жыл соңына дейін тағы 7 үй нығайтылады. 

«Институттың қорытындысы бойынша үйдің сапасы өте нашар. Атап айтқанда, арматурасы сәйкес келмейді. Үй қисайып дұрыс салынбаған. Жергілікті бюджеттен берілді. Екі үйді бұзуға. Өйткені территориясы өте кішкентай, көрдіңіздер. Үлкен техникалар кіре алмайды. Жұмысы өте көп адам күшімен жасалынатын жұмыс. Тоғыз қабатты үйді бұзу үшін үлкен жұмыс керек оған», - деді Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдар Нұрғожаев.