Алматыда дауыс беру үшін 42 сайлау учаскесі ашылды 

Алматыда дауыс беру үшін 42 сайлау учаскесі ашылды 
Суретті түсірген - Қайрат Қоныспаев

Алматыда бірмандатты аумақтық сайлау округінен шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына қалалық мәслихаты депутатына сайлау басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Учаскелер таңғы сағат 7.00-де жұмыс істей бастады. Өкінішке орай, бүгінгі сайлау ел тарихында бірінші рет Аза тұту күніне тұспа-тұс келді. Сондықтан барлық ғимаратта Көк байрағымыз түсірілді.

№82 және №85 учаскелерінде сайлау ел Әнұранымен ашылды. 

- Біздің сайлау учаскеміз жүз пайыз дайын, қала тұрғындарының еш кедергісіз дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Біз бұл науқанда, әсіресе, жастар белсенділік танытады деп ойлаймыз. Бізде сайлау процесіне алғаш рет қатысатын 34 жас бар, - дейді №82 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Виктория Мустаева. 

Барлық сайлау учаскесінде де халықтың барлық тобына қолайлы болу үшін ерекше назар аударылған. Мысалы, көзі нашар көретін азаматтар үшін кандидаттардың өмірбаяндық деректері бар аудиороликтер дайындалды.

- Қаулыға сәйкес біз қажетті жағдайларды жасадық. Бұл құлаққаптар, стенд, компьютер, лупалар, арнайы трафареттер, – дейді бүгінгі науқан туралы ойын бөліскен №85 сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының төрағасы Ардақ Смағұлова.

Жалпы, елде 2 облыстық депутат, 7 қалалық депутат және 12 аудандық мәслихаттар депутаттары сайланады.