Алматыда БАҚ өкілдері арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр

Алматыда БАҚ өкілдері арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр
Сурет: Almaty.tv

Жарысқа 50-ге жуық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты

Наурыз мерекесіне орай еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдерінің арасында бильярдтан «Жаңа елдің көктемі» атты республикалық турнирді «31 арна» өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv cілтеме жасап.

Жарысқа белгілі қаламгерлер Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып пен Әлібек Шегебай және қазақ журналистикасының ардагерлері Тілеуқабыл Мыңжасар, Қайнар Олжай, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат бастаған 50-ге жуық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Бильярдтан «31 арна» кубогі журналистер арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналады. Биыл алғашқы турнирімізді «Жаңа елдің көктемі» атауымен ұйымдастырып отырмыз. Бұл атау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауымен сабақтасып тұр. Қазір халқымыз ұлт боп ұйысып, мемлекеттігімізді нығайтудың жаңа белесіне қадам басты. Осылайша, ел тарихының жаңа парағы ашылды. «31 арна» ұжымы жаңару мен жасампаздықтың бастауын  «Жаңа елдің көктемі» арқылы жеткізіп,  мемлекетіміздің түбегейлі түрленуін қолдайды», - дейді «31 арна» директоры Құрманбек Жұмағали.