Болат ОСПАНОВ, Құрметті теміржолшы, ҚХА мүшесі:  Бұл Жолдау игі бастамалардың жалғасы 

Болат ОСПАНОВ, Құрметті теміржолшы, ҚХА мүшесі:  Бұл Жолдау игі бастамалардың жалғасы 
almaty-akshamy.kz

– Мемлекет басшысының кезекті Жолдауының мазмұны тереңде жатыр. Ел игілігіне бағытталған биылғы басты құжат халықты бір серпілтіп тастады. Ең алдымен елімізде үш облыстың құрылуы бәрімізді қуантты. Әсіресе, осы аймақтардың жұртшылығы бұл жаңалықты қуана қабылдады. Сондай-ақ Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру де халықтың қолдауына ие болды деген сенімдемін.

Дәлірек айтқанда, Президент жұртшылықтан осындай ұсыныс түссе, қолдайтынын жеткізді. Ескеретін жайт, Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде «мұны халыққа жағыну үшін жасап жатқан жоқпын» деген еді. Яғни, бұл елдің саяси экономикалық жағдайын өркендету мақсатында жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Мұның барлығы игі бастаманың басы екеніне сенімдімін!

Жолдауда қаңтар дүрбелеңі мәселесі сөз болды. Қаңтар оқиғасына бір шеті жастар арасындағы жұмыссыздықтың белең алуы себеп болғандай. Өйткені жұмыссыздық қылмысқа итермелейді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейді хакім Абай. Елімізде соңғы кездері болып жатқан лаңкестік әрекеттердің, түрлі заң бұзушылықтардың, жастар арасындағы қылмыстың көбеюі жұмыссыздықтан.  Сананы тұрмыс билеген заманда осы олқылықтың орны толтырылса игі. 

Сонымен қатар ел халқының әлеуетін көтеруге бағытталған биылғы жолдауда жаңашылдық, үлкен мотивация бар дер едім. Құжатта адам мен оның мүддесіне басымдық беріліп тұр. Өйткені еліміздің басты байлығы – адам. Сондықтан қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы әркез басты орында. Бұл ретте Мемлекет басшысы халықтың бақытты болғанын ертең емес, бүгін көргісі келетінін айтты. Ол өз сөзінде «Елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.

Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады» деді. Билік халыққа жақындаған сайын елдің де көңіл-күйі көтеріліп, берекесі арта түсетіні анық. Сөз бен істің арасында алшақтық болмау керектігін Президент әрдайым еске салып отыр. Билік пен халықтың арасын жақындатуға көп көңіл бөледі. Әлемдегі тұрақсыздық пен халықаралық шиеленіс жайлаған осынау алмағайып уақытта ел халқы күш-жігерін біріктіруі қажет.