Алматыда асықшылар оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Алматыда асықшылар оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр
Сурет: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Бұл – күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған алғашқы оқу-жаттығу жиыны.

Ұлттық спорт қауымдастығының Асық ату федерациясы Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Еліміздің бірнеше өңірінен келген ұлттық құрама сапындағы асықшылар 12 күн бойы асық ату мен бес асықтан шеберліктерін шыңдайды.

Бұл – күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған алғашқы оқу-жаттығу жиыны. Орталық армия спорт клубының базасында өтіп жатқан жаттығуға 37 спортшы келсе, оның – 26-сы асықшы жігіттер, 11-і – бесасықшы қыздар.

 Ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанұлының айтуынша, мұнда асықшылардың алаңсыз жаттығу жасауына барлық жағдай жасалған.

Алғашқы 12 күндік оқу-жаттығу жиынымыз өте сәтті басталды. Алдымызда әлі Шымкент, Көкшетау қалалары мен Шолпан-Ата (Қырғызстан) және Анталияда (Түркия) өтетін төрт жиын бар. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құрамамыз ел намысын абыроймен қорғап, асық ату мен бес асықтан топ жарады деп сенеміз. Дүбірлі додада қырғыздың ордо ойынынан да сынға түсеміз. Сондықтан Шолпан-атада ордо ойынынан оқу-жаттығу жиыны өтеді, – деді Жомарт Сабыржанұлы.

Өз кезегінде асық атудан Павлодар облысының аға жаттықтырушысы, әлем және Еуразия кубогінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері Қалибек Қуанұлы күн өткен сайын құрама мүшелерінің шеберліктері шыңдалып келе жатқанын алға тартты.

Мынау мықты деп ешқайсысын бөліп-жара алмаймыз. Бәрінің деңгейі бірдей. Физикалық дайындықтары жоғары. Спортшыларды психологиялық тұрғыдан да дайындап жатырмыз. Мақсатымыз – әлем кубогы, әлем және Азия чемпионаты мен Көшпенділер ойындарында үздік өнер көрсету, – деді бапкер.

Дүбірлі додаға дайындықтарын пысықтап жатқандардың қатарында Ақмола облысынан келген бесасықшы Көгершін Думан да бар. Ол – бүгінде Көкшетау жоғары медициналық колледжінің төртінші курс студенті. Бұған дейін Әлем және Қазақстан кубогының иегері, Еуразия кубогының күміс жүлдегері атанып үлгерген Көгершіннің бесасықпен айналысқанына бес жыл болған. Ол болашағын ұлттық спортпен байланыстырып, бесасықтан бапкер болуды көздеп отыр.

Осы оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша бас бапкердің шешімімен дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын асықшылар белгілі болады.