Алматыда 2023 жылы кесілген 16 мың апатты ағаштың орнына 170 мың көшет отырғызылады

Алматыда 2023 жылы кесілген 16 мың апатты ағаштың орнына 170 мың көшет отырғызылады
Сурет: ашық дерекөз

Алматыда өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылы ағаштардың құлау фактілері 4 есе төмендеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Жасыл желектерді инвентаризациялау нәтижелері бойынша Алматыда 84 мыңнан астам апатты ағаш бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі осындай ағаштарды кесу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Алматының экология және қоршаған орта басқармасының қызметкерлері бір ағаш кесілген жерге ондаған жас көшет отырғызады.

Бірінші кезекте апатты және ескі ағаштар кесіледі. Соның арқасында ағаштар мен бұтақтардың құлауы едәуір төмендеді. Мәселен, өткен жылы 200 – ден астам құлау фактісі тіркелген болса, 2023 жылдың басынан бері – 54 факт, оның ішінде 34 ағаш, қалғаны-бұтақтар.

Алматы әкімдігінің 2022 жылғы жұмыс жоспары бойынша магистральды жолдар бойында, саябақ аймақтарында және аула ішіндегі аумақтарда 5 мың апатты ағаш кесілді, оның орнына 50 мың жас көшет отырғызылды.

Ағымдағы жылы экология және қоршаған орта басқармасы биыл жоспарланған 16 мың ағаштың орнына 13 мыңнан астам ағашты кесіп тастады. Кесілген ағаштардың орнына 170 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарлануда. 

Атап өтерлігі, апатты ағаштарды кесу жұмыстарын бастамас бұрын, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтның ғылыми қызметкерлерін және экобелсенділерді тарта отырып, апатты ағаштар мұқият тексеріледі.