Алматыда 20 шақырым сумен қамту желілері салынады

Алматыда 20 шақырым сумен қамту желілері салынады
almaty-akshamy.kz

Алматыда Жандосов – Сайын – Шаляпин көшелері мен Қарғалы өзені аумағында 20 шақырым сумен қамту желілері салынады

Алматының Әуезов ауданында 2024 жылдың наурыз айында «Мамыр-4» шағын ауданында 4,5 шақырым сумен қамту және 9,5 шақырым су бұру желілерін салу басталады. Бұл туралы әкім Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуде айтты. Бұл жұмысты 2025 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа инженерлік коммуникациялар 197 үй мен 750 тұрғынды қамтиды.

«Жандосов – Сайын – Шаляпин көшелері мен Қарғалы өзені бөлігінде 20 шақырым сумен қамту және 22 шақырым су бұру желілерін салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталады. Бірінші кезеңде 4,8 млрд теңге бөлінді», - деді қала басшысы. 

Тұрғындарды сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз ету мақсатында Сайын және Ұлықбек көшелеріндегі 4 шақырым желі қайта жаңартылды. Сонымен қатар, Төле би көшесінің Сайын көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі ұзындығы 1 шақырым су құбыры қайта жаңартылып жатыр, ол биыл наурызда аяқталады. Бұл учаскелерде су және кәріз желілері 1960-1970 жылдары салынған. Жалпы ұзындығы 59,3 шақырым.

Бұған қоса, бұрынғы «Восход», «Садовод» және «Ардагер» бау-бақша серіктестіктерінің 8 көшесіндегі 5,2 шақырым инженерлік желінің құрылысы аяқталып келеді. Қазір абоненттерді желілерге қосу жұмыстары қолға алынған, ол осы наурызда бітеді. 

Ерболат Досаев 2023 жылдың қыркүйек айында «Достық» шағын ауданында жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге су бұру желілерінің құрылысы басталғанын еске салды. Оның айтуынша, бүгінде ұзындығы 3 шақырым болатын Розыбакиев, Терме, Тәуке хан көшелеріндегі инженерлік желілердің құрылысы жартылай аяқталды. Қаржыландыру көлемі тағы 1,4 млрд теңгеге ұлғаяды (жалпы сомасы 2,5 млрд теңге). Бұл жұмыстар наурыз айында қайта басталып, 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.

2024 жылы «Мамыр» шағын ауданында және Сайын көшесінің бойындағы жалпы ұзындығы 3,2 шақырым жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жоспарланған, оның 2,3 шақырым-і 2023 жылы аяқталды, қалған 900 метрін қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз, - деп сөзін түйіндеді қала басшысы.