Алматы тауларында адасқандар табылды

Алматы тауларында адасқандар табылды
Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

ТЖМ құтқарушылары таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтауды еске салады.

ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Алматы қаласы Медеу ауданының тауларында Букреев шыңынан Бутаков шатқалына қарай түсіп келе жатқан кезде жолдан адасып кеткен үш жасөспірімді құтқарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 19.43-те туристерді іздеуге 5 адамнан тұратын жедел құтқарушылар тобы, оның ішінде кинологиялық есептоп шықты. Сағат 21.14-те құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, Республикалық жедел-құтқару жасағының көлігіне қарай түсіру жұмыстарын бастады.

"Сағат 23.05-те топ балалармен бірге орман асуына жетіп, төмен түсуді жалғастырды. Сағат 00:19-да құтқарушылар мен балалар Республикалық жедел-құтқару жасағының көлігіне жетті. Бутаков шатқалындағы шлагбаум маңында оларды жасөспірімдердің туыстары күтіп алды", делінген хабарламада.

"Туыстарыңызға немесе жақындарыңызға әрқашан жоспарланған маршрут туралы ескертіңіздер, тауға бір-бірден бармаңыздар, қауіпсіздік үшін жолды қысқартпаңыздар, маршруттың негізгі бөлігін күндізгі уақытта жасаңыздар", делінген хабарламада.