Алматы полицейлері қаза тапқан әріптестерінің балаларын циркке апарды

Алматы полицейлері қаза тапқан әріптестерінің балаларын циркке апарды
Сурет: Almaty.tv

Олармен бірге көп балалы полицейлердің де балалары барды.

Алматы қаласы ПД қаза тапқан және көп балалы полиция қызметкерлерінің балаларын циркке апарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңажылдық қойылым дәстүрлі түрде әсерлі форматта өтті. Бәрінен бұрын мерекеге балалар қатты қуанды.

«Алматы полициясының басшылығы мен жеке құрамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрақты негізде қолдау көрсетеді. Мүмкіндігінше балаларға ғажайыпты, ертегіні сезіндіруге тырысамыз. Өйткені әке қамқорлығынсыз, қолдауынсыз оларға оңай емес. Бүгінгі таңда мүгедектерге және қайтыс болған тәртіп сақшыларының отбасыларына көмек көрсету орталығының қамқорлығында 46 отбасы бар, оларда 63 бала тәрбиеленіп жатыр. Сондай-ақ қазір ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің 48 ерекше баласына көмек көрсетіп жатырмыз», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Сонымен қатар жаңажылдық шоуға Алматы полициясының көп балалы отбасыларының балалары қатысты. Аяз ата мен Ақшақардың қойылымын тамашалаған кішкентай көрермендер тәтті сыйлықтарға ие болды.