Алматы облысындағы Сарыбай би ауылын су басты

Алматы облысындағы Сарыбай би ауылын су басты
Сурет: Almaty.tv

Облыста 34 аумақты су басу қаупі бар

Алматы облысында қауіпті деңгейдегі 34 аумақты су басуы мүмкін. Алдын аламыз дегенмен, әзірге амалын таппаған Жамбыл ауданының тұрғындары да қиындық көріп отыр. Көшені шайып кеткен су есік алдына шығар жолды да бөгепті, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

6 күн бұрын басталған тасқын әлі де тоқтамаған. Керісінше судың деңгейі көтеріліп, қар еріп, жағдай қиындай түскен.

«Келіп жатқан құтқарушылар ештеңе жасай алмай жатыр. Әкелген аппараты жерді қаза алмайды. Сондықтан су жолды жауып, жүруге мүмкіндік болмай қалды», – деді Сарыбай би ауылының тұрғыны Айнұр Советханқызы.

«Қызыл су басып кетеді, жылда қайталанады. Былтыр жол салынып, тұрғындар қуанып қалып еді. Биыл көршінің үйі батып кетті, қорасына дейін су басып қалды», – деді Сарыбай би ауылының тұрғыны Мейрамхан Қарабекқызы.

50-ге жуық маман түрлі тәсіл істегенімен әзірге судың тоқтар түрі жоқ. Түстен кейін ағыны күшейетін тау суы үй алдын түгел алып кеткен. Тасып келіп, тоқтап тұрған су қазір көшедегі қозғалысты тежеген. Төтеншеліктер оқиға орнында жұмыс істеп жатқанымен, мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр.

«Арық қазылмаған. Сол себепті судың ағысын көше бойымен өзенге қарай бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Жамбыл аудандық ТЖБ бастығы Ерсін Жағыпаров.

«Арық жүйесін салу үшін 3 ауылға 30 миллиондай ақша сұрап отырмыз. Соған бюджеттік сұраныс беріп қойдық», – деді Қарасу ауылдық округінің әкімі Нұржан Дәуренбаев.

Сұранысты жергілікті мәслихат жиынында қарайды. Шешім шықса, жұмыс атқарылады. Ал облыста осындай 34 аумақты су басу қаупі бар.